Мәжіліс депутаттары, «Nur Otan» партиясының мүшелері Е. Жаңбыршин мен С. Мұсабаев 16 тамыздан бері маңғыстаулықтармен онлайн форматта кездесіп, қоғам белсенділерінің, ақсақалдардың ұсыныстарын тыңдады.
Депутаттар ең алдымен Жаңаөзен қаласының кәсіподақ белсенділерімен тілдесті. Елдегі қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға байланысты кездесулер онлайн өтіп жатыр.
Жаңаөзен қаласының тұрғындары көкейде жүрген мәселелерін айтты. Олардың бірі Маңғыстау облыстық Наубайханашылар одағының мүшесі Үміт Құлжанова нан өнімдерін пісіретін наубайханалардың біразы санитарлық нормаларға мүлдем сай еместігін, өзге ел азаматтарының кез келген жерде нан өнімдерін пісіріп жатқандығына наразылығын білдірді. Сондай-ақ қаладағы қоқыстың уақытылы тазаланбауы, Рахат 3 және Рахат 4 шағынаудандарына қатынайтын қоғамдық көліктің жетіспеушілігі, су тапшылығы жөнінде сөз етті.
- Біріншіден, нанның лас жерлерде пісірілу бойынша арнайы мекеме Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне шағым түсіру қажет, - деді Е. Жаңбыршин.
Екіншіден, қоқыс мәселесімен жергілікті әкімдер, қаланың тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі айналысады, осы фактті айтып, көрсету керек. Әсіресе, әлеуметтік желіде көтерілуі тиіс.
Үшіншіден, қалада су тапшылығы бар, оны біз білеміз. Судың көлемі шектеулі, «Қазмұнайгаз» техникалық экономикалық негіздемесін жасаған, Кендірліден су тұшыту технологиясы арқылы өзенге су тарту мәселесі қолға алынып жатыр.
Көліктерге байланысты адам саны, көліктердің интервалы зерттеліп, жолаушыларды тасымалдайтын бөліммен келісе отырып шешу керек. Бұл мәселелердің барлығы біздің де тарапымыздан бақыланатын болады, деді депутат.
Кездесу барысында Тілектес Аманқосқызы Жаңаөзен қаласынан отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандарға психологиялық көмек беретін арнайы орталық керек деген ұсыныс айтты. Қалада дін мәселесінің де бар екенін, бұндай отбасыларда ана мен баланың жағдайы қандай екені тым бұлыңғыр екені де сөз болды.
Сонымен қатар, депутаттар білім саласы қызметкерлерімен және партия ардагері жаңаөзендік Андрей Нұртаевпен канвассинг өткізді:
- Құрметті інілерім, онлайн болса да тілдескеніме қуанып отырмын. Бір мәселе - Түрікменстанмен арадағы барыс-келістің жағдайы. Қаламыздағы көптеген азаматтар сол елден қоныс аударған, ал олардың ата-бабасының бейіті ар жақта қалған. Әруақты сыйлаған елміз ғой, өлісінің басына барып садақа таратқысы келетін азаматтар көп. Осыған бір амал табуға болар ма екен, - деген сауал қойды партия ардагері.
Облыстық білім басқармасының Жаңаөзен қалалық филиалының басшысы Ысқақ Қашқынбайұлы мектептегі кіші қызметкерлердің жалақы мәселесіне тоқталды. Жаңаөзен қаласындағы жалақы даулары фонында мектептің кіші персоналдары да толқуға ұшырап, кәдімгідей алаңдаушылық тудырған. Депутаттардан осы мәселені тезірек шешуге араласуын сұрады.
- Қосалқы, яғни кіші қызметкерлер қатарына мектептегі есепші, лаборант, кітапханашы секілді персоналдар. Расында бұл қызметкерлердің жалақысы сол күйі өспей қалған. Мәселен, өндірістік мекемелерде есеп бөлімінде бірнеше адамдар қызмет етеді. Мектепте дәл сондай қызметтерді жалғыз есепші атқарады. Бұл енді әділдік емес,-деді С. Мұсабаев.
Сонымен қатар, депутат мектептегі қауіпсіздік мәселесіне ден қоюды сұрады. Білім бөлімі бұл жағдайлардың толық ескерілгенін айтты.
Жаңаөзен ұстаздары көтерген тағы бір өзекті мәселе - мұғалімдердің жазғы демалысын ұйымдастыру. Кәсіподақ ұйымының өкілдері облысындағы демалыс орындарының тым қымбаттығына наразы. Мәселен, Сарыағашта он күн демалысқа 70 мың теңге сұраса, Кендірліге 180 мың теңге төлеу керек. Осыдан соң жаңаөзендік ұстаздар амалсыз алысқа кетуге мәжбүр. Бұл да шешуін күткен мәселе.
Жаңаөзен қаласында күні бүгін бес колледж жұмыс істеп тұр. Біразы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ең күрделісі, колледж студенттеріне арналған жатақхананың жоқтығы. Онлайн кездесуде бұл мәселе де қозғалды. "Жаңаөзен қаласына ортақ 500 орындық жатақхана салынса әбден жеткілікті болар еді," дейді колледж директорлары.
- Аталған мәселелердің барлығы да мұқият тыңдалып, жазбаша түрде хаттамаға кірістірілді. Алдағы уақытта осы сапардың қорытындысын шығарар кезде барлық мәселелерді тізіп шығып, қайсысы қандай дәрежеде шешілуі керегін бағалап, соған қарай әрекет ететін боламыз, - деді С. Мұсабаев.