Жақында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінде «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсының өңірлік кезеңі аяқталды.
Мемлекеттік органдардың, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері кірген комиссия облыстың түкпір-түкпірінен қатысқан 9 үміткердің ішінен Бейнеу ауданы Бейнеу ауылының әкімі Расул Тайшыбаевтың жобасын үздік деп бағалап, өңірлік кезеңінің жеңімпазы деп таныды.
Бірнеше жылдан бері ұйымдастырылып, дәстүрге айналған «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауының негізгі мақсаты - жұмыста жоғары тәжірибелік нәтижелерге қол жеткізген, ауылдық елді мекендердің дамуына елеулі үлес қосқан үздік ауыл әкімдерін анықтау және көтермелеу, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру.
Байқаудың негізгі міндеттері - ауыл әкімдерінің, мемлекеттік қызметтің беделін арттыру, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару саласында алдыңғы қатарлы жұмыс тәжірибесін кең ауқымда насихаттау.
Республикалық сайыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылуда.
Өз кезегінде мемлекеттік қызмет ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, өңірдегі Әдеп жөніндегі кеңесінің мүшесі Қайролла Ережепов мемлекеттік қызметтегі мол тәжірибесімен бөлісіп, жеңімпазға алдағы сайыста жеңіс тіледі.