Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы Д.Қыдырәліні қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кездесу барысында Маңғыстау облысының бүгінгі тыныс-тіршілігі, жеткен жетістіктері мен өңірдің өзекті мәселелері сөз болды. Сонымен қатар Дархан Қыдырәлі Түркі академиясында жасалып жатқан жұмыстармен және қазақ руханиятында атқарылып жатқан соңғы жаңалықтарымен бөлісті.
«Әр қазақтың әз ұясына айналған Маңғыстау жеріне, Әбішті әлдилеген топыраққа арнайы келдім. Өңірдің өркендеп, қаланың өсіп жатқанына куә болдым. Маңғаз Маңғыстауда мәдени-рухани бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асыруға ниеттеніп отырмыз. Індеттің беті қайтып, жағдай жақсарса Отпантауда Түркі әлемінің Наурызын қарсы алып, бірнеше ел өкілінің қатысуымен Амал мерекесін кең көлемде өткізуді ұсынамыз», - деді Д.Қыдырәлі.
Өңір басшысы Халықаралық Түркі академиясы президентінің ұсынысын қолдайтынын айтып, алдағы бастамаларына сәттілік тіледі.