Бүгін облыс әкімі С. Трұмовтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс IV сессиясы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Күн тәртібінде өңірдегі мал азығының жетіспеушілігімен қалыптасқан жағдайды тұрақтандыру және тұрғындарды ауыз сумен қамту жобалары қаралды.
Бірінші мәселе бойынша, қыстық мал азығы қорын ұлғайтуға жергілікті қазынадан 1,5 млрд. теңге бөлуге депутаттар бірауыздан қолдау білдірді. Бұл қаражат қыс мезгілінде жем-шөп тапшылығының алдын алуға мүмкіндік береді.
Осыған дейін Үкімет резервінен 1,9 млрд теңге бөлініп, аудандарда мал басын түгендеу нәтижесінде төрт түлік малдың аналық басы үшін азыққа жұмсалған шығындарына ішінара өтеулер жүргізілуде. Сонымен қатар, жағдай одан әрі ушығып кетпеуі үшін кезек күттірмейтін облыстың шұғыл шығындарына резервтік қорынан 600 млн теңге бөлінген болатын.
Сонымен қатар, «Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін арттыру үшін оны кеңейту жобасына 6,7 млрд теңге бөлуге депутаттар келісім берді. Бұл жоба Мұнайлы ауданын, Түпқараған ауданының Ақшұқыр, С.Шапағатов елді мекендерінде және Қарақия ауданының Құрық елді мекеніндерінде ауыз су мәселесін шешуге бағытталған.