Ақтауда «Қазақстандық мұнай-газ кешені салалық кәсіподағы» ҚБ МО филиалының төрағасы Мақсат Рзаханов, «Oйл Транспорт Корпорейшн» ЖШС-нің кәсіподақ төрағасы Марат Темиркасов Ақтаудағы Әзербайжан Республикасы консулдығының бас консулы Эльмар Мамедовпен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кездесудегі басты мақсат – екі елдің мұнай саласындағы өзгерістер мен жетістіктерін саралау, өзара тәжірибе алмасу, сол арқылы екі жақтың салалық кәсіподақ қызметін жетілдіру. Жиын барысында екі ел арасында мұнай саласындағы кемшіліктерді жою мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Еңбек кодексіндегі ұқсас тұстары мен айырмашылығы, ондағы жаңашылдық жайлы сөз қозғалды.
«Қазір мұнай жұмысшыларының арасында конкурстар жиі ұйымдастырылады. Егер орайы келсе жарыстарды Әзербайжан мұнайшыларымен бірге өткізуге болады. Спорттық турнирлерді ұйымдастырғанда да шетелден командалар келіп қатысса, оның өзі біз үшін – абырой. Біздің жігіттер де көрші елге шығып, осындай шараларға қатысып, орын алып келсе нұр үстіне нұр», - дейді «Қазақстандық мұнай-газ кешені салалық кәсіподағы» ҚБ МО филиалының төрағасы Мақсат Киікбайұлы.
«Жалпы мұнайшылардың айлық табысы жақсы ғой. Мәселен, Бакуден мұнай саласында қызмет ететін мамандар Маңғыстауға келіп, демалып жатса, туризмнің алға жылжуына өз септігін тигізері анық. Сол сияқты біздің мамандар да сол елге барып демалып, денсаулығын түзеуге көңіл бөлсе деген ниет бар. Бүгінгі кездесуде осы мәселені де қарастырдық», - дейді Мақсат Киікбайұлы.
Содан соң Мақсат Киікбайұлы өңірдегі мұнайшылардың жағдайына тоқталды. Айтуынша, былтыр пандемия салдарынан мұнайшыларға өз деңгейінде көңіл бөлінбеді. Көп жұмыс індетпен күрес жолында атқарылды. Атап айтқанда, ИВЛ аппараттарды сатып алу, оны тарату, мұнай вахталарындағы санитарлық норманы сақтауды қадағалау сынды жұмыстарға көңіл бөлдік.
«Ал биыл індет басылған уақытта мұнайшылар арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырдық. Турнирге ел бойынша 8 команда қатысты. Жүлделі 1, 2-орынды жергілікті команда жеңіп алса, 3-орынды Атыраудан келген команда еншіледі. Қазір індет күшейген соң бұл шаралар тоқтап тұр», - дейді ол.
Індет басылған соң тек республика бойынша емес, халықаралық деңгейде жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Бүгінгі кездесу де соның бастапқы жемісі болмақ. Қазіргі таңда мұнайшылардың митингке шығуы, еңбегіне сай табысты талап етуі жиілеп кетті. Осындай жайттардың алдын алып, жұмысты тоқтатпай жүргізу үшін мәселені дер кезінде шешу үшін жұмыстанып жатқанын айтады.
Мақсат Киікбайұлының айтуынша, мұнайшылардың және кәсіподаққа қатысты бірнеше мәселені шешуде үкімет тарапынан жіті көңіл бөлінеді. МО әкімінің орынбасары Абзал Меңдібаев, МО ішкі саясат басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетов, еңбек инспекциясының басшысы Әлігер Іңкәров сынды қызметкерлердің еңбегі кәсіподақ жұмысының алға жылжуына, түйткілді мәселенің уақытылы шешім табуына өз көмегін беруде.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА,
Суреттер автордан