Парламент Сенатының депутаттары Бақтыбай Шелпеков пен Сүйіндік Алдашев және облыстық мәслихат хатшысы Нури Тумышев ауданға жұмыс сапармен келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Алдымен сенаторлар Бейнеу ауылындағы әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды аралады. Атамекен орта мектебінде болып, аудандық білім бөлімінің басшысы Шоқан Жаулиев бұл мектептегі үш ауысымдықты жою үшін алдағы уақытта салынуы керек 312 орындық қосымша құрылыс жобасын таныстырды.
«Үш ауысымды оқытуды жою мақсатында Атамекен орта мектебіне 312 орынға арналған бөлек тұрған оқу корпусын салу жоспарлануда. Жобалық сметалық құжаттары аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Бюджеттік өтінім берілді, қаржы бөлінген жағдайда тиісті жұмыстарды жалғастыруға дайын» - деді аудан әкімі Бейнеубек Көңілімқосұлы.
Сонымен қатар Сенаторлар басында төрт мың адамға арналып жасалып, қазіргі таңда он бес мыңнан астам адамға қызмет көрсетіп жатқан «Атамекен» дәрігерлік амбулаториясында болды. Бұл жерде аудандық орталық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Баяхметова дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен таныстырып, жаңадан емхана салу қажеттігі туындап тұрғанын жеткізді.
2004 жылы Бейнеудегі мектепаралық оқу өндірістік комбинатын қайта ұйымдастыру арқылы «Бейнеу кәсіптік-техникалық мектебі», одан кейін «Бейнеу кәсіптік лицейі» болып, 2012 жылдан бастап Бейнеу политехникалық колледжі ретінде жұмыс жасап келе жатқан арнаулы оқу орнында болды. Алдымен колледж басшысы Бурин Нұрбол Сабидуллаұлы студенттердің жеткен жетістіктерімен таныстырды. Жалпы биылғы оқу жылында 6 мамандық бойынша студенттерді қабылдайды. Аудандағы политехникалық колледжге сапалы білім беру мақсатында жаңа үлгідегі барлық жабдықтарымен 400 орындық оқу ғимаратымен қоса 200 орындық жатақханасы бар заманауи ғимарат қажет екенін аудан басшысы айтып өтті.
Жұмыс сапар соңында «Әділ» сүт зауытында болып, қазіргі таңда зауыт 429,4 млн. теңге инвестиция салу арқылы қолданыстағы зауыттың жұмыс қуатын көбейтуді жоспарлап отыр.
«Қазіргі кезде қуаттылығын 1,8 тоннадан 15-20 тоннаға дейін арттыру. Бүгінде айран, қаймақ, шалап, сүзбе өнімдері тұрақты шығарылуда. Қазіргі таңда зауытты кеңейтуге құрылыс жұмыстарын жүргізіліп жатыр. Осы арқылы 40 жұмыс орны құрылады» - деп атап өтті зауыт құрылтайшысы Әзіретқали Садуақасов.