ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиында вице-премьер коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күресте мониторинг топтарының жұмысының маңызын және барлық өңірлерде осы бағыттағы белсенділіктің төмендігін атап өтті.
ШОБ нысандарын рейдпен қамтудың барынша төмендеуі Ақтөбе, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Ақмола, Атырау облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында көрініс тапқан.
Анықталған бұзушылықтар санының төмендеуі Маңғыстау, Павлодар, Алматы, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында байқалады.
Е. Тоғжанов барлық өңірде мониторинг топтарының жұмысын жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ, вице-премьер еліміздің кейбір өңірлерінде вакциналаудың төмен қарқынын атап өтті.
Мысалы, Маңғыстау облысында халықтың тек 25,6%-ы бірінші компонентпен егілді, бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен 2 есе төмен (52,4%).
6 өңірдің (БҚО, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Жамбыл, Павлодар облыстары) көрсеткіштері ел бойынша орташа мәннен айтарлықтай артта қалып отыр.
Бас мемлекеттік санитар дәрігердің 2021 жылғы 14 шілдедегі №32 Қаулысына сәйкес биылғы жылғы 10 тамызға дейінгі мерзімде қызмет көрсету саласының барлық қызметкерлері COVID-19 вакцинасының бірінші компонентімен екпе алуы тиіс.
Айта кетейік, бүгін ведомствоаралық комиссия Қазақстанның бірқатар қаласында карантин шараларын күшейтті.