Маңғыстау облысын 2021-2026 жылдары азық-түлікпен қамту бағдарламасы жасақталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, кәсіпкерлік және сауда басқармасы ауыл шаруашылығы, инвестиция және туризмді дамыту, табиғатты пайдалану басқармаларымен, сонымен қатар қалалар мен аудандар әкімдіктерімен бірлесіп, 2021-2026 жылдардағы азық-түлік қауіпсіздігіне сараптамалық болжам жасады.
«Біз талдауды азық-түліктің 24 түрінің 10 агроөнеркәсіп саласы бойынша жасадық, олар ұн-жарма, нан, макарон, ет, жұмыртқа, балық, қант өнеркәсібі және жеміс-көкөніс өнімдері. Азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды көрсеткіштері: тамақ өнімдеріне экономикалық және физикалық қолжетімділік. Осы көрсеткіштердің соңғы 3 жылының талдау нәтижесінде өңір халқының табыстары соңғы 3 жылда өскен. Сәйкесінше, халықтың ақшалай шығыстары да өсті. Соның ішінде азық-түлік өніміне кететін шығын барлық шығындардың 60% құрады», - деді басқарма басшысы Ж.Тоқбаева.
Азық-түлік тауарларына бағаны төмендетудің бірден-бір жолы – нарықты жергілікті тауарлармен молайту. Қазіргі таңда өңірде 24 негізгі азық-түлік тауарларының 5 түрі бойынша қамту 100%, 5 тауар бойынша 50% төмен, 6 тауар бойынша 20% төмен, ал, 8 тауар өндірілмей басқа өңірлерден келіп, шетелден импортталады.
Ж.Тоқбаеваның айтуынша облыста тамақ және өңдеу өнеркәсібінде 20 жоба, балық шаруашылығында 9 жоба, егін шаруашылығында 8 жоба және логистика мен сақтау саласында 11 жоба жүзеге асса, 2027 жылға дейін азық-түлікпен қамту деңгейін 70% көбейтуге мүмкіндік бар.
«Аталған бағдарлама бойынша жұмыс жүргізетін болсақ, 6 жылда 48 жоба іске асып, 138,8 млрд тенге инвестиция тартылады, 3291 жаңа жұмыс орны құрылады», - деді басқарма басшысы.
Облыс әкімі аталған бағдарламаны тез арада жүзеге асыруға кірісуді тапсырды.
Сонымен қатар, маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңыздағы азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында жылдың соңына дейін жедел іс-шаралар жоспары әзірленді. Белгілі мөлшерде көкөніс, қант, өсімдік майын сатып алып, сақтауға келесім-шартқа отыру, қыс мерзімі мен мерекелерде жұмыртқа сатып алып, бағаны тежеу және 90 күнге шекті бағаны белгілеу көзделіп отыр.