25 шілдеде Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау және Түпқараған аудандарында 10 сайлау округтің аумағында ауыл мен ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы мәлім етті.
Асқар Рзахановның айтуынша, 10 округ бойынша сайлаушылар тізіміне 14 144 адам енгізілген. Сайлау күні 11 650 адам сайлауға қатысты, яғни бұл - сайлаушылардың жалпы санының 82,4%.
Бейнеу ауданында сайлаушылардың 87,27%, Қарақия ауданында - 84,7%, Маңғыстау ауданында - 85,4%, Түпқараған ауданында - 78,5% дауыс берді. Сайлау бюллетеньдерге 25 үміткер енгізілді. Соның ішінде бес сайлау округінде - 2 кандидаттан, бес сайлау округінде - 3 кандидаттан.
Сайланған әкімдердің орташа жасы - 41,5. Ең кішісі - 26 жаста, ең үлкені - 60 жаста. Сайланған 10 әкімнің жетеуі - мемлекеттік қызметкер. Оның ішінде 2 әкім нақты ауылдық округте қайта сайланды.
Сайлаудың басты ерекшелігі - бюллетеньде «барлығына қарсымын» деген бағанның болуы. Сайлаушылар арасында 279 адам бәріне қарсы дауыс берді.
Дауыс беру күні сайлау комиссияларына ешқандай өтініш пен шағым келіп түскен жоқ.