Ақтау қаласындағы «Арман» жастар орталығында БАҚ өкілдері мен ардагер журналистердің біліктілігін арттыруға бағытталған семинар өтті.
Шара 31 шілдеде өтетін MediaLitFest2021 медиа фестиваліне арналып жүргізілді. Негізгі мақсат – ақпарат саласы мамандарын ZOOM секілді онлайн қосымшалармен қашықтықтан жұмыс жасауға үйрету, шынайы ақпараттты таба білу мен фейк ақпаратты тексеруге баулу.
Коронавирус пандемиясына байланысты елде енгізілген карантиндік жағдайда ақпаратты қашықтан алу қалыптаса бастағаны белгілі. Семинар барысында кең ауқымды тақырыптарды журналистік зерттеу, фактчекинг құралдаран қолдана білу, ақпараттың жылдамдығы мен таралу көздері туралы пікірлер қозғалды.
Жиынға қатысқан Маңғыстау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетовтің айтуынша, адамды ең алдымен дұрыс сөйлеуге емес, дұрыс ойлана білуге баулу керек. Себебі, сөз - адам ойының жемісі. Ой жүйеге келгенде тілдегі ақпарат та реттеледі.
Жиын кезінде аталған кеңес хатшысы Есберген Іңірбайұлы, Еркеш Нәрембаева сынды ардагер журналистер тәжірибелерімен бөлісті. МО Қоғамдық коммуникация орталығының басшысы Әсел Ауданбаева, Yessenov University маркетинг және коммуникация басқармасының басшысы Жансая Исмағұлова, журналист, ақын Анар Шамшадинова сөз алды. Барлығы аймақтағы медиа саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, осы саладағы жұмыстарды ары қарай жандандыруға байланысты өз ұсыныстарын жеткізді.
Медиа және ақпараттық сауаттылыққа арналған онлайн-фестиваль АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы жүзеге асады. Жобаны USAID қаржылай қолдап, Internews іске қосуда. Шара MediaCAMP орталық Азия бағдарламасы аясында дайындалмақ.
Камшат Сарсенбаева