Биыл Маңғыстау облысында құрбан шалу рәсімі екі форматта өтеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы дін істері басқармасының басшысы Мақсатбек Маханбетов мәлім етті.
Оның айтуынша, 14 шілде күні облыс әкімінің жедел кеңесі өткен. Жиында Құрбан айт мейрамын өткізуге қатысты мәселе көтерілді. Нәтижесінде биыл Маңғыстау облысында Құрбан шалуды онлайн және офлайн форматта өткізу туралы шешім қабылданған.
«Мереке 20-22 шілде аралығында өтеді. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Құрбан шалу рәсімдерін екі бағыт бойынша жүзеге асыруды ұсынып отырмыз. Бірінші – әкімдік тарапынан рұқсат етілген қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып оффлайн режимінде құрбан шалу. Екінші - «www.qurban-2021.kz» сайты арқылы онлайн режимде құрбан шалу. Былтырғы жылы осындай жоба аясында азаматтар құрбандықты онлайн форматта өткізген. Тәжірибе бар. Мұндай формат қауіпті індеттің алдын алуға және адамдарға үйінде отырып діни құлшылықтар мен қайырымдылық көрсетуге мүмкіндік береді. Аудан, қала әкімдіктері тарапынан мереке қарсаңында мониторинг жұмыстарын жүргізу, құқық бұзушылықтарды болдырмау, санитарлық жағдайларды сақтау үшін түсіндіру жүргізу, ақпараттық қолдау көрсету жұмыстары бойынша облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасы берілді. Ал дін істері басқармасы тарапынан құрбандық шалу рәсімдеріне мониторинг жүргізіледі», - деді Мақсатбек Маханбетов.
Баспасөз конференциясына қатысқан Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев аймақтағы эпидемиологиялық ахуалға тоқталып өтті.
«Әкімдік тарапынан рұқсат етілген қасапханаларда мал союмен айналысатын қызметкерлерге тапсырма берілген. Арнайы алаңдар санитарлық ережелерге сай жабдықталуы тиіс. Барлық шараға полиция органдары мен жергілікті атқарушы билік мониторинг жүргізеді. Құрбан айт мейрамында мүмкіндігінше адам көп шоғырланатын жерге бармай, мерекені жақындарыңызбен үйде тойлаңыздар», - деді Ғазиз Надуев.