Үкімет резервінен өңіріміздің ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басы үшін мал азығына жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге 1,9 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл айтты.
Оның айтуынша, бұл қаражат шаруа қожалықтары мен жеке-қосалқы шаруашылықтарға беріледі. Сонымен қатар, аймақтағы мал шаруашылығын қолдау мақсатында шаруаларға несие төлемдерінің мерзімдері ұзартылады.
«Әкімдікпен бірлесіп жем-шөп өндірісін дамыту және жайылымдарды жақсарту бойынша жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз. Мұнда барлық иесіз жатқан құдықтар мен ұңғымаларды түгендеу, су бөгеттерін салу және ғалымдармен бірлесе отырып құрғақ дақылдарды өсіру қажет», - деді Серік Қалдығұл.
Айта кетейік, өңірдегі табиғи резерваттарға мал жаю және сол жерлерден шөп шабу жөнінде келісім жасалды. Қазір Бопай мен Тасорпа резерваттарында шөп шабу жұмыстары басталып кетті. Тоғыз шөп шабушы бригада жұмыс істеуде.
«15 маусымнан бастап бүгінге дейін өңірімізге өзге облыстардан 119 186 түк шөп, 7 250 түк жоңышқа және 1 788 рулон шөп келген болатын», - деді Серік Қалдығұл.
Жергілікті шаруашылықтарды мал азығының қажетті көлемімен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімі орынбасарының бастауымен арнайы жұмыс тобы құрылды.