Маңғыстау облысында вакцинация бойынша түсіндіру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Білікті эпидемиолог мамандар аймақтағы ірі кәсіпорындарды аралап, еңбек ұжымдарына вакцина бойынша кеңінен ақпарат таратуда.
Бүгін дәрігерлер «Ақтау атом энергетикалық комбинатына» барды. Қазіргі уақытқа дейін кәсіпорында қызмет ететін 4 мыңға жуық адамның тек мыңнан астамы екпе алған. Кәсіпорын қызметкерлері санаулы күнде вакцина алғандар қатарын тағы да еселейміз деп отыр.
«Мамандар барлығын түсінікті етіп жеткізіп жатыр. Әдет-ғұрыпқа байланысты шараларды тыйып тастамаса да, мүмкіндігінше азайту керек деп ойлаймын. Солай түсінемін. Сонда ғана жеңеміз. Бірден бір қадам осы вакцина деп түсінемін», деді кәсіпорын қызметкері Ш. Есенғалиев.
Мамандар вакцинация бойынша түсіндірме жұмыстарын олан әрі жалғастыруды жоспарлап отыр. Себебі, ауру өршіп тұрған тұста адамдарға вакцина туралы кеңінен мағлұмат беру қажет. Ал екпе алғандар тек өздерін ғана емес, өзгелерді де індеттен сақтайды алады дейді мамандар.
«Өте орынды, дұрыс сұрақтар қойылып жатыр. Сұрақтар ізденістің, сұраныстың нәтижесінде. Тек қана вакцина арқылы ғана осы індетпен күресе алатынымыз туралы әңгіме, сұхбат жасауымыз қажет», деді ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма басшысының міндетін атқарушысы Айнагүл Қуатбаева.
Айта кету керек, қазір облыста 83 мыңға жуық адам екпенің 1-компонентін, 2-компонентін 42 мыңнан астам адам салдырған.