Облыста коронавирусқа қарсы вакцина егу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барлық мекемелерде жүргізіліп жатыр. Осыған орай Ақтауда «Каспий жылу су арнасы» мекемесі қызметкерлеріне аймақтың бас эпидемиолог дәрігері Марал Қадыр коронавирусқа қарсы егілу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сұрақтарға жауап берді.
Аталған мекеме басшысы Бақыт Шапканның мәліметінше, «Каспий жылу су арнасы» мекемесінде 558 қызметкер бар. Жұмысшылардың індетке қарсы екпе алуы 30 маусымда басталған. Бүгінде 168 адам екпенің алғашқы компонентін алып, екінші кезең 22 шілде күніне белгіленген.
Мекемеде арнайы егу пункті де жұмыс істеп тұр. Қызметкерлерге "Hayat-Vax" және "Спутник-V" вакцинасы ұсынылуда. Тұрғындармен күнделікті тікелей жұмыс істейтіндіктен қызметкерлер вакцина мәселесіне селқос қарамауы керек. Арнайы мамандар түсіндіру жұмысын жүргізуі бүгін бірінші рет емес, бұған дейін де бірнеше кездесу өткізілді. Вакцинаның алғашқы компонентін өзім де алдым, – деді Б. Шапкан.
Мекемеме басшысының айтуынша, бастапқыда қызметкерлер тарапынан вакцинаға күмәнмен қарау, әр түрлі пікірлер мен сұрақтар көп болды. Ал, қазір өз еркімен аламын деушілердің қатары көбейген.
«Каспий жылу су арнасы» мекеме қызметкерлерінің қойған сұрақтарының басым бөлігі - вакцина туралы әлеуметтік желідегі фейк ақпараттар мен вакцинаның сапасы, сертификатына қатысты болды. Марал Қадыр жиналғандарды нормативті құжаттары бар арнайы өкілеттілік берілген мекемелерге ғана сенуге шақырды. Сондай-ақ, діни ағымдардың астыртын жүргізетін идеологиясының құрбаны болмауды ескертті.
Бүгінде тек медицина қызметкерлері ғана емес, өңірдегі дін қызметкерлері, теологтар да вакцинация бойынша түсіндіру жұмысына өз үлестерін қосуда. Вакцинаға қатысты теріс ақпараттар мен фейк мәліметтер діни сенімге қатысты да болуда, – деді облыстың бас эпидемиолог дәрігері.
Сондай-ақ, Марал Қадыр тек діни тұрғыдан ғана емес, құқықтық тұрғыдан да вакцина бойынша сауатты болудың маңыздылығын атап өтті.
Жиында созылмалы аурулары бар жұмысшылар мен егуге арнайы медициналық қарсылықтары көрсетілгендер көкейтесті сауалдарын маманға қойып, тұшымды жауаптарын алды.
Өңірдің бас эпидемиолог дәрігерінің мәліметіне сүйенсек, өңірде вакцина алғандар саны өзге аймақтармен салыстырғанда төмен деңгейде.
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА