Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті.
Оның айтуынша, Маңғыстау облысында эпидемиологиялық ахуал күннен күнге күрделеніп барады. Мәселен, 7-13 шілде аралығында коронавирус инфекциясының 965 жағдайы тіркелген. Ал соңғы екі күнде қауіпті аурудан 6 адам көз жұмды.
«Өкінішке қарай, тұрғындар әлі де болса түрлі жиындарға, мерекелік шараларға қатысады. Сәйкесінше, бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, қол гигиенасы сияқты карантиндік талаптар сақталмайды. Осының барлығы індеттің өршуіне әкеледі. Сондықтан азаматтарды эпидемиологиялық ахуалға салмақта қарап, вакцинаның маңыздылығын түсінуге шақырамын», - деді Ғазиз Надуев.
Баспасөз конференциясына Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Аманбек Жұмыров та қатысты.
Оның мәліметінше, 1 апта ішінде өңірдегі 10 инфекциялық стационарда 530 төсек орын 701 төсекке көбейтілді. Ақтау қаласының инфекциялық стационарындағы 230 төсек орын 330-ға көбейсе, Жанаөзен қаласындағы ауруханадағы 92 төсек орын 158-ге көбейтілді. Төсек орын толымдылығы 62,7%. Облыс бойынша коронавирус індетіне қарсы барлығы 440 адам ем қабылдап жатыр. Оның 202-і жасанды оттегінің көмегімен демалуда. Жансақтау бөліміне 44 науқас орналастырылған. Науқастардың орташа жасы 41,3 құрап отыр.
«Осы күнге дейін облысқа келген вакцинаның 212 250 дозасы жеткізілді. Оның 121 767 дозасы егілді. Қазір қолданыста ресейлік «Sputnik V», отандық «QazVac» және «CoronaVac» вакциналары бар. I – компонентпен 83 654 , II – компонентімен 44 480 адам егілді. 1 ақпан мен 1 шілде аралығында 1-компонентпен 58 815 адам егілсе, 1-14 шілде аралығында 24 839 адам вакцина алған», - деді Аманбек Жұмыров.