Маңғыстау облысына арнайы іс-сапармен ҚР Президенті жанындағы Орталық Коммуникациялар Қызметінің басшысы Руслан Алишев келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Руслан Алишев Маңғыстау облыстық әкімдігінде басқарма басшылары, қоғам белсенділерімен кездесті. Шара барысында сапалы ақпарат тарату, әлеуметтік желіде шынайы ақпараттарды оқырманға тұшымды жеткізу, көкейтесті мәселелерді зерделеу, зерттеу тақырыбына тоқталды. Көшірме дүниелерден аулақ болып, жедел әрі нақты ақпарат таратуда бірігіп жұмыс жасауға шақырған ол - оқырман үшін сапалы контент әр ақпараттық орталықтың, сайттардың өзінен шығатын өнім екенін атап өтті. Блогерлер, әлеуметтік желі белсенділері, БАҚ өкілдері бірін-бірі толықтырып ақпарат тарату, сауатты пікір алуандығын қалыптастыру маңызды екені айтылды.
Сапар соңында, Р. Алишев Маңғыстау басылымдарының қара шаңырағы, өңірдің ақпарат орталығы саналатын «Маңғыстау Медиа» ұжымына келді. «Маңғыстау Медиа» ЖШС директоры Айсұлу Қабышқызын жаңа ғимаратпен құттықтап, орталықтың жұмысымен танысты. Сонымен қатар, журналистердің жұмыстарына сәттілік тіледі.