Теңіз жаяу әскерлері бригадасының қызметкерлері мамандықтар бойынша оқытуды қорытындылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтау гарнизонындағы гвардиялық бригадасының 1000-нан аса әскери қызметшісі жаңа мамандықтарды меңгерді. Осыдан бір ай бұрын басталған дәрістер қорытындыланды. 200-ге жуық нұсқаушы сабақтарды жоғары деңгейде өткізді.
Әскери қызметшілер мамандықтары бойынша қажетті дағдылар мен машықтарға үйреніп, кәсіби білімдерін жетілдірді. Сондай-ақ, жеке және топтық қаруды, қару-жарақ пен әскери техниканы шебер және тиімді қолдануға үйреніп, тәжірибелік сабақ кезінде мамандардың далалық дайындық деңгейін арттырды.
Жалпы сабақтарға 100 оқу сағаты бөлініп, аптасына 5 рет өткізілді.
Сабақта оқу-әдістемелік материалдар мен арнайы фильмдер көрсетілді. Оқытушылар қарудың және техниканың материалдық бөлігін үйретті.
– Оқу кезеңінде әскерге жаңа келгендер ант қабылдады және оларға қару-жарақ пен әскери техника бекітілді. Жеке құрам мамандық бойынша даярлықтан өтті. Оларға білікті мамандар, сержанттар мен офицерлер, яғни нұсқаушылар дәріс оқып, білгенімен бөлісті, – деді арнайы мақсаттағы барлау ротасының аға сержанты Радбек Амит.