2000 жылдың шілде айының орта тұсы болуы керек, демалыс күні, сағат тоғыздың шамасында үй телефоны шырылдады. Ол кездерде ұялы телефон кеңінен енбеген, трубканы көтердім, аржағынан өте салмақтылау дауыс: " Амансың ба?" - деді. « Ассалаумағалейкүм» - деп едім, « Таныдың ба?» - деді. Мен кідіріп қалдым, аржақтағы дауыс менің танымағанымды сезіп тұрған сияқты, «Мен Көшековпын, жана Ақтау қаласына келіп едім, он төртінші шағын ауданда бір азаматтың үйінде отырмын, тез кел! - деді де, трубканы тастап жіберді. Ақмоншақ екеуміз айтылған үйге келдік. Есікті өзімізге таныс жеңгей ашып, төргі үйге бет алсақ, төрде Кошеков Оңайбай Айсұлу апаймен, Жүсіпов Шаңды, Тәрбие жеңгеймен,Әріпов Дүйсенбі, Қарлығаш жеңгеймен дастархан басында отыр екен, екі жеңгем көп ұйықтайсың деп әзілмен мені қағытып жатыр. Бұл күнде жоғарыдағы үш ағаймен екі жеңгейде өмірден өткен, топырақтары торқа, иманы жолдастары болсын.
Енді осы үш ағамен бірге болған кездерімді еске алайын..
Көшеков Оңайбай 1968-1970 жылдары Маңғыстау аудандық партия комитетінің біріншы хатшысы болды, осы кездерде өзінің білікті басшы екенін көрсетіп, 1970 жылы Гурьев облыстық атқару кеңесінің төрағасы болып жеті жыл, сол облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сегіз жыл қызмет жасап, құрметті еңбек демалысына шыққан, Атырау, Маңғыстау облысына, Қазақстанға белгілі азамат еді. Бұл сапарында Айсұлу апай екеуі демалуға Сочиге бара жатыр екен, ұшақ біздің Ақтаудан кешке ұшатындығы жөнінде шәй үстінде хабардар етті.
Дастархан басында өткен кеткенді еске алысып, жақсы отырыс болды. Шаңды, Дүйсенбі ағайлар бірге қызметтес болған өз ағаларым. Көшеков Маңғыстау ауданында болған кезеңде Шаңды Маңғыстау аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы, Дүйсенбі аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгеруші қызметін атқарған Оңайбай Көшекұлының қызметтес болған сенімді серіктері. Менің жақындығым Ақмоншақ институт бітіріп келіп Шетпеде жұмыс істегенде осы кісінің үйінде тұрған.Айсұлу апай Атырауға барғанда телефон соқсам:" Үйге кел, жақындарыңа сосын барарсың"- дейтін, сол тапсырмасын орындап жүрдім. Бірде үйіне барғанымда МеңдіАхмет Қонаев болды, мен ынғайсыздау көріп кетейін деп едім жібермеді, тамақ келгенде тарелкаға салып төс берді: "Маңғыстаудан келген күйеу баламыз еді"- деді.
Шәй ішіліп болған соң Оңайбай ағай " Теңіз жағасына жүріп қайтайық, келіншектер өздері сөйлесе берсін"- деді. Теңіздің жағасы ол кездерде, қыдыруға қолайлы емес еді, сонда да екі сағат жүрдік, менікі ағалардың әңгімелерін тыңдау. Бір кезде Оңайбай: "Адайлар, сендер Қағазов Төлегенге қарыздарсындар, Қағазовтың арқасында көптеген жігіттер сотталмай, партиялық жаза алмай қалды. Маңғыстауда 1969 жылдың қысы өте қатты болды.Маңғыстау ауданы колхоздарынан жүз бес мың қой шығын болды, оның негізгі себептері: жаз айында қоныс болған жоқ, қыста қорамен мал азығы болмады. Облыстық партия комитетінен үш-төрт колхоздың басқармасын жұмыстан, партиядан шығару туралы тапсырма болды.Мен ешкімді жұмыстан да, партиядан да шығармадым, облыстық партия комитетінің бюросына Қағазов екеуміз бардық. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Исенов менен неге басқа адамдарды әкелмегенімді сұрады, мен ол адамдардың кінәсі жоқтығын, кінәлі бірінші Қағазов, екінші мен екендігімді айттым. Қағазовты айтқасын бірінші хатшы үнсіз қалды. Облыстық партия комитетіне осындай қиын жағдаймен екі рет шақырылдым, екеуінде де алдыма Қағазовты салдым, соның арқасында ешкім жұмыстан да,партиядан да шығарылған жоқ. Адайлар, сендер Қағазов Төлегенге борыштысыңдар"- деп күлді.
Қазіргі жастар аймақты дамытуға елеулі еңбек сіңірген елдің белгілі азаматтарын біле бермейді. Сондықтан Қағазов жөнінде бір ауыз әңгіме айтып кетейін. Қағазов Маңғыстау ауданын қырық жыл басқарып, қиын жағдайда еліне жағымды, қайырымды болған адам. Кезінде түбек жұртшылығы Қағазовты "Әулие адам" деп атаған. Бір жылдары Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Қағазов Төлегенді шақырып алып, жасыңыздың үлкейгені, жұмысыңызға қиындық беріп жүрген жоқ па деп сұрақ қойған екен. Ол кісі көп ештеңе айтпай, бірінші хатшыдан шыққан соң Алматыға ұшып барып, Қазақстан республикасының Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Дінмұханбет Қонаевқа кіріп, жағдайды айтқан екен. Сол бойда Қонаев, Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына телефон соғып: "Сіз білмейтін бе едіңіз, Қазақстанда үш адам бар Қағазов Төлеген, Тоқтасынов Сәлімгерей, Қоспанов Шәпкет. Бұл үшеуі жұмыстан кететінін өздері айтады, есіңде болсын"- депті.
Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы келесі күні Қағазовты шақырып алып:" Төке мен сізді жұмыстан шығарамын деген жоқпын, жұмысың қалай деп сұрап едім"- деп ақталған екен.
Қағазов Төлеген ағамыздың сыйлас қосшы баласы болдым. Әрбір кездескенде қызықты әңгіме айтатын, бір әңгімесі есімде қалды: "1973 жылдың наурыз айында Маңғыстау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Тұтқабай Әшімбаев сайланды, көп кідірмей қабылдауында болып,ауданның жағдайын толықтай хабардар еттім, жағдайдың қиындығын, мал басын сақтау үшін мал азығының жетіспейтінін, мал қорамен қамтылмағандығын, совхоздармен жол қатынасының нашарлығын айтып, өзімнің жасым алпысқа келгенін айттым.Облыс жаңа құрылып жатыр, әзір үш-төрт жыл істей тұр дейтін болар деп ойлағанмын. Ондай ұсыныс бола қойған жоқ, сосын арызымды бергенмін"- деген еді.
Бір жылы Дінмұқамбет Қонаев Маңғыстау облысына іс-сапар мен келіп, жиналыс өткізіп, артынан қонағасы берілген екен.Дастарханға бас келген кезде Д.Қонаев: "Бұл облыста бас ұстайтын Қағазов қайда?"- депті. Сол кездегі басшылар отырысқа Қағазовты шақырмаған , үлкен кісі айтқан соң он бес, жиырма минут іздеп Қағазовты тауып, басты сол кісіге ұстатыпты деп айтады. Қағазовтың үйінде үш-төрт рет сыйлы адамдармен болдым, бірде Сапы Өтебаев деген азаматпен бірге отырғанымызда, көп адам жоқ ,ауданның бірінші басшысы Керелбаев Сақып және мен едім, Төкен қасыма келіп; «Бекбасар мына Сәкең (Сапы) еліміздің ең сыйлы азаматы, үйінде Шарипа деген жеңгем бар, Димаш (Дінмұханбет) екеуі шаршамай билейтін еді» - деді, сол сөздерге қарағанда бұл үшеуі жақсы сыйлас болған сияқты.
Соңғы жылдары Қағазов Төлеген Шетпе кентінің поселкелік кеңес төрағасы болып жұмыс істеді. Мен аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі және аудандық кеңестің депутатымын. Төкең шақырып алып; «Сені поселкілік кеңеске де депутат қылып сайлап отырмыз» - деді. «Олай істеуге бола ма?» - деп едім, «Балам,олмайтын нәрсе жоқ қой» - деп күлді. Поселкілік кеңестің сессиясы өте қызықты өтетін, сынмен өзара сын, азаматтар бірін-бірі аямай сынайтын, сесияның күн тәртібіндегі мәселелер қызу талқыланатын. Сессия өткен соң «Төке, адамдар неге біріне-бір қатты әңгіме айтады?» - десем, «Бұл ештеңе емес, одан да қатты кетеді»- деп күлетін. Сол Төкең жетпіс алты жасында өмірден өтті.
Көшековте, Қағазовта қиын жағдайларда ешкімге жамандық жасамай, азаматтарды партиядан да жұмыстанда шығармай елдің алғысына ие болған жандар еді.
Жүсіпов Шаңды ағамен Тәрбие жеңгей Маңғыстау халқының құрметіне бөленген сыйлы адамдар. Елдің үлкен адамдарының айтуынша Шаңды, Оңайжан, Сенғали ағай жұмысты секретарь машинист жумысынан бастап, аудан басшылығына дейін көтерілген адамдар деп, қатты құрметтейтін. Шаңды ағам өте қызық адам, сессияға материал дайындап совхоздағы кемшіліктерді көрсетіп келсең; «Оны алып таста, кемшілік ешқайда қашпайды, біз істеген жұмыстың тек жақсы жағын көрсетіп, кемшілікті болдырмаудың жолын қарауымыз керек»- дейтін, Жалпы, ол кездегі адамдар бір-біріне жаман сөз айтпайтын.Оңайжан ағамыз екеуі қатты әзілдесетін, екеуі қатар отырса да, сыртынан да әзіл сөз айта беретін, бірақ сондай жарасымды, арадан қыл өтпейтін достар еді. Оңкең қайтыс болғанда, Шакең телефон соғып; « Жақсы көретін ағаң қайтыс болды ғой, қашан жүрейін деп отырсың?»- деді.түс Ол сол күні үйге үш рет телефон соқты, жақсы жолдасын қимай қиналғанын білдім. Тәрбие жеңгей Маңғыстауда ең алғаш медбике мамандығын алып келіп, еліне қызмет істеген адам. Тәрбие жеңгей өте салмақты көп сөйлемейді, не нәрсе айтса да орнымен айтатын. Үлкенге де, кішіге де сыйлы адам еді. Шаңды ағам үйге келіп те ақыл айтатын. Бірде үйге келіп, ілулі тұрған кілемді көріп, ілген шегең көрініп тұр, оны көрсетпейтін қылып іл, мына бөлмеде қасқырдың терісі ілулі тұр, ол не керек ағаңның үйіне беріп жібер деп ақылын айтып кетті. Артынан бір шама уаақыт өткен соң қайта келіп үйді қарап; «Әй бала, тапсырманы орындаған екенсің»- деп күлді. Ол кездегі ағалар сондай қарапайым болатын. Батырып сөз айтатын және ешкімге тигізбей қорғаштайтын.
Дүйсенбі ағамен ең алғаш рет 1969 жылдың маусым айында таныстым. Ол кезде ағай аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болатын, мен аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне берку үшін, алдымен осы кісінің қабылдауынан өтуім керек екен. Жеке парақша мен өмірбаянымды қарап отырып; «Мына өмірбаянда, ө әріпін неге тым үлкен қылдың?»- деді, өзім ренжулі едім; «Өмір жолым болған соң үлкен қылған шығармын»- дедім. Ол кісінің өңі қаталдау болғанмен, маған қатты ұрысқан жоқ, қайта жәймен салмақты түрде есімде қалатындай етіп көп нәрсені түсіндірді. Мінеки сол күннен бастап арамызда жақсы сыйластық болды.
Маңғыстауда ең алғаш жоғары оқу орнын бітіргендер Алдабергенов Сисенбай, Қожыров Төрехан, Сыманов Өтеген, Тасболатов Мырзағали, Сисенов Көмірғали, Сүлейменов Құлыбек-Маңғыстаудың нағыз марқасқалары еді.
Дүйсенбі ағамыз үш институтты қатар бітірген. Бірде Ақтау қонақ үйінде Салманов Өтеген және Сисенов Көмірғали ағайлармен бірге болып едім, Өтеке: ағай «Дүйсенбіні қонақ үйге шақырайық» -деді. Көмірғали аға; «Онда Шахатбаев Мұханбетті қосып шақыр» - деді.Дүйсекең сол кезде облыстық партия комитетінде жауапты қызмет істейтін. Ол қонақ үйге келді, бұлар Шахта орта мектебін бірге бітірген жан достар екен, кешкі сағат сегізден таңертенге дейін әңгімелері таусылмай, сол жерден сыр бермей, жұмысқа барғанын көрдім.
Дүйсекең аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінен аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып жұмысқа барғанда, бұрынғы басшы әрбір қағазды мәнін айтып түгендеп беріп жатса; « Сәл кідіре тұр, бақылау комитетінің мөрімен көк машинасының кілтін бер де, кете бер» - деген екен деп, замандастары әзіл айтатын.
1975 жылдың тамыз айы еді, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тәжібаев Смағул шақырып жатыр деген соң бардым. Барсам кабинетінде Бейнеу аудандық атқару комитетінің төрағасы Дүйсенбі, Маңғыстау аудандық атқару комитетінің төрағасы Оңайжан үшеуі отыр екен. Амандасқаннан кейін бірінші хатшы; «Дүйсенбіні білесің ғой, біздің ауданнан шөп алуға келген. Шөп Ақшымырау совхозынан беріледі, қасына мен де,Оңайжан да бірге жүрейік»- деп едім, «Сендер жумыстарыңмен бола беріңдер, менің қасыма Бекбасарды берсең болады»- деді, «қалай қарайсың?»- деді, мен дайын екенімді білдірдім. Дүйсекең; «арсы болмасаңдар, біз жүріп кетейік»- деп орнына қозғалды.
Бірден Қызан елді мекеніне бет алдық, жол Дүйсекеңе таныс, Тиген елді мекенінен откен соң, Дүйсекең; «Қаранар жерінде отырған Алданов Орысбайға сәлем берейік»- деді. Орысекең де адамды сағынып отыр екен, бірталай әңгімені қозғады. Ол үйден шығып, қасындағы Нұрберген деген жылқышының үйіне тек сәлемдесу үшін барып едік, Жаңбуршиев Есмұрза деген ағамыз кіріп келді, алдында жоқ еді; «Дүйсенбі сен Орекеңнің үйінен шығып, менен аттап өтіп ағайынның үйіне келдің, бүгін сені ешқайда жібермеймін»-деп, есікті тарс жауып шығып кетті. Екеуі құрдас, амалсыздан кідіруге тура келді. Келесі күні Қызан елді мекеніне келдік ,савхоз директоры Түзелбаев Сүйес деген азамат еді. Оған кіріп жағдайды айтып, "Ақжал" деген пішен базасынан берілетіндігін білдірді. Пішен таситын автокөлік Форт-шевченко автобазасынан бөлінген соның келетін уақытын, Бейнеу мен байланысып, одан келетін жұмыс күші келгенін біліп, «Жалпы шаруа бір ыңғайына келген сияқты ғой» - деп Дүйсекең көңілденді. Сыртқа шықсақ, кеңсенің алдында он шақты адам тұр екен. «Дүйсенбі келді деген соң амандасуға жиналып тұрмыз, бізді басшылар кеңсеге кіргізбейді ғой»- десті, Ақұрып деген азамат; « Дүйсенбі, егер қарсы болмасаң түскі асты біздің үйден ішіңдер, жиырма адамға дастархан жасап қоямын»- деді. Қалған азаматтарда «Дүйсенбі үйіміз дайын» - десті, Дүйсекең бәріне деп рахметін айтты. Біздің күткен автокөлік Қызанға соқпай Ақжалға тіке тартқан екен, біз келсек бірқатар автокөлік жүктерін тиіп алған. Бәріде ойлағандай болып, жұмыс атқарылды. Ақшымырау елді мекенінде Дүйсекеңмен үш күн бірге болдым, Шамығулов Оспан, Сейтахмет деген ақсақалдардың үйінде болдық.Жалпы Дүйсенбі аға үлкен адамдардың әңгімелерін жақсы тыңдайтын, түнде далада жатқанымызда аспандағы жұлдыздарды жатқа айтып, олар туралы аңыздарды қосып айтатын. Соңғы күні ауданнынң екі бірінші басшысы келіп бірге болдық, үлкен құрметпен Маңғыстау ауданының территориясы Сай-өтеске дейін шығарып салдық. Мұның бәрін неге жіпке тізіп жазып отырмын, қазіргі басшы жастар үлкен кісілерден теріс айналмай, олардың ақыл парасатынан , өмірлік тәжрибесінен ғибрат алып, « Ұлық болсаң кішік бол» дегенді еске алсын.
Бірде Дүйсенбі аға: «Осы құрметті азамат дегеннің сегізі бар, ішінде шетелден адғанымда бар» - деген. Ақтау қаласына келген соң Дүйсекеңмен үйіміз көрші болды, қуаныштарымызда ортақ болып қатынасып жүрді. Зейнеткерлікке шыққан соң жиналыстардан кейін үйге бірге қайтамыз, әңгіме таусымайды.
Қарылғаш жеңгей өте ақжарқын ойына алған сөзді тіке айтатын адам еді. Облыста Аға медбике болып жұмыс істеп ел құрметіне бөленді. Қарылғаш жеңгейдің өмірден озғаны, Дүйсенбі ағайға өте қатты батты, баламын, әлі көз алдымда екеуі оқу бітіріп келгеннен кейін Таушықтағы ағаш клубқа бірге киноға барып жүретін, бірін бірі өте қатты сыйлайтын адамдар еді...
Бүгінде көптеген қызметтес, өмірде сапарлас болып, қатар жүрген талай азаматтар дүниеден өтті. Елу жылда ел жаңа дегендей біздің жас ұрпағымыздың заманы келді. Маңғыстаудың жақсыларын олардың бірі білсе, бірі білмейді. Заманына қарай адамы дегендей...
Бекбасар Төлегенов