Кеше Маңғыстау облысының әкімі, ҚХА төрағасы С.Трұмовтың қатысуымен «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» тақырыбында Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIII сессиясы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жиынға саяси партиялар, этномәдени бірлестік төрағалары мен мүшелері, ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Басқосуда сөз алған аймақ басшысы жиналғандарды алқалы жиынның негізгі мақсатымен таныстырып, Тәуелсіздіктің 30 жылында облыста атқарылған елеулі істерге тоқталды.
«ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев «Ортақ Отанымыз – Қазақстанның қазіргідей қарыштап дамуы – елімізді мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстардың ынтымақ-бірлігінің нәтижесі»,-деп атап өткендей 30 жылда татулық пен тұрақтылықтың арқасында толағай табыстарға қол жеткіздік. Мемлекетіміздің дамуы мен елдің еңсесін тіктеуіне түбекте жатқан Маңғыстау облысының да қосқан үлесі зор. Тәуелсіздік алғалы жеткен басты жетістігіміз – өңір тұрғындарының саны екі есе өсіп, бүгінде облыс халқы 720 мыңға жетті. Бала туу көрсеткіші артты. Халық санының көбеюіне байланысты қалаларымыз өсіп, жаңа ауылдар мен тұтас бір аудан пайда болды. Мұнайлы ауданы - еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін құрылған алғашқы аудан. Ол кезде аудан халқының саны 53 мың болған. Бүгінде Мұнайлыда 174 мың адам тұрады», - деді С.Трұмов.
Тәуелсіздік жылдары өңірдің әлеуметтік саласында да оң өзгерістер орын алды. Мәселен, 1991 жылы өңірде 151 балабақша жұмыс істесе, 2020 жылға қарай олардың саны 311-ге жеткен. Сонымен қатар, орта білім беретін мектептер саны 1,5 есе өскен. Қазір аймақта 140-тан астам мектепте оқушыларға сапалы білім мен тәрбие беріліп жатыр.
Денсаулық сақтау саласы да елеулі өзгерістерге ұшырап, өңірде жоғары медициналық технологияларымен қаруланған, тәлімі зор, тәжірибесі мол мамандары бар емханалар, ауруханалар ашылды. Егемен алғаннан бері облысымызда 150-ден астам денсаулық сақтау нысаны іске қосылған.
Озық үлгідегі Ана мен бала үйі, қан орталығы, кардио хирургия орталығы ашылып, ем алу үшін алысқа сабылатын тұрғындарға облыс аумағында емделіп, күрделі оталарды жасауға мүмкіндік туды. Былтыр жедел-жәрдем автопаркі 100%-ға жаңарып, талапқа сай, қажетті медициналық құралдармен толық жабдықталған жаңа көліктер сатып алынды.
Тәуелсіздік жылдарының тағы бір жемісі - Маңғыстаудың шекаралық облыс ретінде транзиттік, көліктік-логистикалық және инфрақұрылымдық әлеуеті артты. Ел астанасынан шалғайда, түбекте жатқан Маңғыстауда темір жолы, теңіз және автожолдар қатар дамып, бүгінде тоғыз жолдың торабына айналды.
Үш мемлекетті жалғайтын «Өзен–Берекет–Горган» халықаралық темір жол дәлізі ашылды.
Екінші ірі жоба – Елбасымыз тұсауын кескен «Жезқазған–Бейнеу» темір жолының құрылысы болды. Бұл жол – Ақтау, Құрық порттарын орталық және Батыс Қазақстанды тіке темір жолмен қамтамасыз етті, сонымен бірге бұрынғы қашықтықты орташа 600 шақырымға қысқартты. Бұдан басқа облысты еліміздің өзге өңірлерімен жалғайтын жалғыз республикалық жол – «Атырау–Ақтау» автокөлік жолы жаңартылды. Елімізді Түркменстанмен байланыстыратын «Өзен-Түркіменстан» авто жолы салынды. Жалпы жол салу, ішкі жолдарды жақсарту бойынша өңіріміз республикада көш басында екенін айта кетуге болады.
Тұрғын үй құрылысы бойынша жақсы жетістіктерге қол жеткізілді. Тәуелсіздік алғалы бері Маңғыстауда 11 млн. 333 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
«Бүгінде өңіріміз экономикасы өрлеп, мәдениеті қалыптасқан туризм мекеніне айналды. Соңғы 15 жылда Маңғыстауға 2,5 миллионнан астам турист келген. Өңірдің көрікті жерлері мен теңіз жағалауына саяхаттаушылардың саны әсіресе соңғы 2 жылда күрт өсті. Осы іргелі істердің басы-қасында өздеріңіз жүрдіңіздер. Маңғыстау облысының өркендеуі мен дамуына қосқан үлестеріңіз мол. Сол үшін де Сіздерге ерекше алғысымды білдіремін! Осы жылдар ішінде жинаған мол тәжірибелеріңізді өскелең ұрпақ бойына сіңіріп, ізімізді басып келе жатқан жас буын игі істеріңізді жалғастырады деген сенімдемін. Жастар тәуелсіздікті көзіңің қарашығындай сақтап, ел үшін аянбай еңбек етуі тиіс»,- деді облыс әкімі.
Жиын соңында елдегі қоғамдық келісімді нығайтуға, Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтар облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар облыстық ҚХА-ның тоғыз этномәдени бірлестік төрағасы зейнеттік еңбек демалысына шығуына байланысы жаңа құрам сайланып, мүшелері де толықтай жаңарды.