Ақтауда үйге дезинфекция жасап, екі адамның өліміне себепші болған оқиға бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтау қалалық сотында санитарлық қағидаларды бұзу арқылы абайсызда екі адамның өліміне әкеп соққан оқиға бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 304-бабы 3 бөлігімен қылмыстық іс қаралды.
Сотталушы Е. ақпан айында пайдалануға тыйым салынған «Квикфос» улы препаратымен үйіне өз бетімен дезинфекция жасап, ол туралы көршілеріне алдын ала хабарламаған. Нәтижесінде у иісі көрші пәтерлерге таралып, одан бір үйде тұратын он айлық сәби мен оның анасы уланып қайтыс болған. Бірнеше тұрғындар жансақтау бөліміне түскен.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер прокурордың пікірімен келісті. Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұрап, соттан бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушының қылмыстық әрекеттері сот тергеуінде жан-жақты, толық және объективті түрде зерттелген дәлелдемелермен толық негізделуіне және қылмыстық әрекеттің ауыр қылмыстар санатына жататынына байланысты айыптау үкімі қабылданды.
Сот үкімімен Е.-ге 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеу жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, ақпан айында Ақтауда пәтерді химиялық препаратпен дезинфекциялаудың салдарынан екі адам қайтыс болған еді.