ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақтау гарнизонында шағын футбол мен волейболдан жарыс өтті. Сайысты әскери теңіз күштері мен теңіз жаяу әскерлерінің бригадасы бірлесіп ұйымдастырды.
Спорттық дода әскери қызметшілердің денсаулығын күшейту, дене шымырлығын дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатына негізделді.
Жарыс барысында әскери қызметшілер ұйымшылдығын, сонымен қатар жеңіске деген ынтасын көрсетті. Мұндай сайыстар әскери бөлімдер арасындағы қарым-қатынасты арттырады.
- Салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортпен шұғылдану - деніміздің сау болуының негізгі кепілі. Екі жарыс та тартысты өтті. Әскери қызметшілер жоғары дайындықпен келгені көрініп тұрды. Жалпы, шағын футбол мен волейбол ұжымдық ойын болғандықтан, команда мүшелерінің ауызбіршілігі мен түсіністігі аса маңызды, - деді әскери-теңіз базасы командирінің тәрбие және идеология жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Бағдат Мыңбаев.
Теңбіл доп жарысына 7 команда қатысып, өзара қызықты ойын өрнегін көрсетті. Төрешілердің шешімі бойынша футболдан І орынды – теңіз жаяу әскерлерінің гвардиялық бригадасы, ІІ орынды авиациялық базасы және ІІІ орынды материалдық-техникалық қамтамасыз ету базасы жеңіп алды.
Ал, волейболдан І орынды – теңіз жаяу әскерлерінің гвардиялық бригадасы, ІІ орынды авиациялық базасы және жүлделі ІІІ орынды әртекті кемелер дивизионы командасы иеленді.
Жеңімпаз және жүлдегер командаларды Әскери-теңіз күштерінің ардагері, контр-адмирал Ратмир Комратов бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапаттады.