Бүгін Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазановамен кездесу өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Л.Рамазанова өңірге келген мақсаты отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды сақтауға және отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған жоспарларымен таныстырды.
«Отбасы институтын нығайту мәселесін Мемлекет басшысы жеке бақылауында ұстайды. Біздің еліміздің басты басымдықтарының бірі, сөзсіз, қазақстандық отбасылардың әл-ауқаты мен бақытты балалары. Бүгінде еліміздегі 5 облыста (Маңғыстау, ШҚО, Алматы облыстары мен Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында) "Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" жобасы іске асырылуда. Жалпы жаңа заң жобасы аясында отбасын қолдау орталықтарын ашу жоспарланып отыр», - деді Л. Рамазанова.
Облыс әкімі отбасылық және гендерлік саясат мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті.
«Тәрбие отбасынан басталады. Біздің өңірде бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуда. Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды барынша кеңірек насихаттау мақсатында Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында және Мұнайлы ауданында «Жанұя» орталықтары ашылды. Мұнда әйелдерге түрлі деңгейдегі көмек көрсетіледі. Мемлекет басшысының әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған тапсырмасы орындалуда», - деді облыс әкімі.
Өңірге арнайы келген ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Л.Рамазанова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары С.Тұрсынбекова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия хатшылығының меңгерушісі Н.Сағындықова үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен және белсенділермен бірнеше кездесу өткізеді.