ҚР тұңғыш контр-адмиралы, 2-дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері Комратов Ратмир Әлімханұлы 70 жаста. Бүгін облыс әкімі С.Трұмов Ратмир Әлімханұлын қабылдап, мерейлі мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Өзіңізді Отанымыздың сенімді қорғаушысы, еліміздің әскери күштерінің дамуына сүбелі үлес қосқан ұлтжанды азамат ретінде білеміз әрі құрметтейміз. Маңғыстау өңірінің өркендеп өсуіне қосқан үлесіңіз ұшан-теңіз. 2000-шы жылдардың басында Маңғыстаудың бүгінгідей сан тарапты даму мүмкіндігіне ие болуына, талай күрделі кедергілерден жаңылмай жол тапқан оң шешімдердің қабылдануына мұрындық болдыңыз. Сіздің тағылымға толы өмір әрі еңбек жолыңыз өскелең ұрпақ үшін өнеге. Қазыналы жетпіс жасқа қадам басқан шағыңызда Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін», - деді С.Трұмов.
Р. Комратов еліміздің әскери құрылымының нығаюына, қалыптасуына, өсуіне өлшеусіз үлес қосқан. Ол алғашқылардың бірі болып «Батыс» аймақтық қолбасшылығы әскерлерін құруға атсалысты. 2-дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Мінсіз қызметі үшін», «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдарымен марапаталған.