Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары Аққу Айтжан мәлім етті.
"Сканерлеу кезінде 55 адамнан "қызыл", 23 адамнан "сары" статус анықталды. Айта кету керек, егер "қызыл" статус анықталса бұл коронавирус індетін жұқтырды дегенді білдіреді. Ал "сары" статус науқастармен байланыста болғандығын көрсетеді. Тәртіп бұзғандар айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылады", - деді Аққу Айтжан.
Спикердің айтуынша, Маңғыстау облысында "Ashyq" қосымшасын белсенді қолданатын бизнес нысандары ынталандырыла бастады.
"Жобаның 15 қатысушысына "жоба көшбасшысы" мәртебесі берілді. Олардың жұмыс істеу уақыты қосымша 2 сағатқа ұзартылады. Нысанның толтырылуы 10%-ға артады. Біз кәсіпкерлеріміздің Covid-19-мен күресте белсенді рөл атқарғандығына қуаныштымыз", - деді Аққу Айтжан.
Қазір Маңғыстау облысында "Ashyq" қосымшасы бойынша 390 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. "Ashyq" жобасының 300 қатысушысы Маңғыстау облысы әкімдігінің сайтына жарияланды. Ал тесттік режимде 41 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді.
"Маңғыстау облысының әкімдіктері де "Ashyq" жобасына қосылды. Сондай-ақ «Ashyq» жобасына 1 шілдеден бастап Маңғышлақ теміржолын қосу жоспарланып отыр. Қазір вокзал QR-кодын алып, тесттік режимде жұмыс істеуде", - деді Аққу Айтжан.