Жақында Ақтауда Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлының төрағалығымен өңір имамдарының II жартыжылдық жұмыс жоспарын бекітуге қатысты жиналысы өтті.
Алқалы жиынға Ақтау, Жаңөзен қалалары және Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған аудандарына қарасты мешіттердің дін қызметкерлері қатысты.
Әнуар Ізімбайұлының алғы сөзінен кейін, теолог Азамат Нұғыманұлы имамдарға діни оңалту бағыты бойынша дәріс оқыды.
Осыдан кейін, облыс бас имамы ҚМДБ тарапынан бекітілген 7 бағыт: ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие – Ихсан ілімі, дін мен дәстүр, жат діни ағымдармен жұмыс сынды түрлі қызмет түрінің 2021 жылдың II жарты жылдық жұмыс жоспарын бекітті.
Жақында ғана Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жарыққа шыққан «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынының облыс көлемінде насихаттау жоспары қарастырылды. ҚМДБ-ның отандық туризмді дамытуға үлес қосу мақсатындағы «Darhan Dala» жобасы аясында Маңғыстау өңіріндегі тарихи-мәдени орындарына сапарлар ұйымдастыру мәселесі де ортаға салынды.
Бұдан бөлек, «Зекет» корпоративтік қорының жергілікті өкілі Іздібай Бегенұлы имамдарға алда келе жатқан Құрбай айт мерекесіне қатысты ақпарат беріп, эпидемиологиялық жағдайға байланысты құрбан шалу мәселесін тілге тиек етті.
Жиынды қорытындылай отырып Әнуар қажы Ізімбайұлы, Маңғыстау облысында қазіргі уақытта салынып жатқан мешіт-медресе құрылыстарының жұмыс барысы жайлы айтып өтті. Жамағатқа бес уақыт намаз, жұма намазы барысында санитарлық талаптардың толық сақталуы қажеттігін түсіндіру мәселесіне тоқтала отырып:
«Жаз мезгілін оңтайлы пайдаланып, әр мешітте санитарлық нормаларды сақтай отырып, жазғы сауат ашу курстарының жұмысын ұйымдастыруымыз керек. Ұлық Құрбан айт мерекесі де жақындап қалды. Сол себепті баршаңызға осы қасиетті күндерге дайындықты үдетуді, жоспарға мұқият болып, ерекше мән беруді тапсырамын», деді.