Маңғыстауда 8 жасар бала емшінің емінен кейін бір қолынан айырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
17 маусымда Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне Қызылсай кентінің тұрғындары сегіз жасар баласы алып келген. Дәрігерлер балаға оң білек сүйектерінің төменгі үштен бірінің жабық сынуы, оң жақ білектің тамырлы тромбозы, оң қолдың некрозы деген диагноз қойған.
Бала 6 маусымда велосипедтен құлап жарақат алған. Ата-анасы жергілікті емшіге жүгінген, 3 күн бойы тығыз матамен тығыз байланған күйінде жүре берген. 8 маусымда баланың анасы оң қолдың терісінің түсінің өзгеруіне байланысты емшіге қайта жүгінеді, бірақ ол баланы қайтадан үйіне сол күйінде жібереді, 12 күннен кейін олар қайтадан емшіге жүгінеді. Содан кейін бала алдымен Жаңаөзен қалалық көпсалалы ауруханасына қаралады, содан соң Маңғыстау облыстық көпсалалы балалар ауруханасына қаралады.
Дәрігерлер шұғыл түрде балаға оң қолды шынтаққа дейін ампутациялау үшін хирургиялық операция жасаған. Өкінішке орай, баланың оң қолын операция жасамай алып қалу мүмкін болмаған.
Бала алғашқы екі күнде ол қолындағы ауырсынуға шағымданды. Қазір оның жағдайы тұрақты деп бағаланады, өміріне қауіп жоқ.