© Талант ҚҰСАЙЫН
Бұл туралы Ақтау қаласы әкімінің орынбасары С.Гусман қала әкімдігінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Яғни, Республика бойынша көппәтерлі үйлерді басқарудың жаңа жүйесі жүзеге асуда. Келер жылдың 1 шілдесіне дейін пәтер иелерінің кооперативінен мүлік иелерінің бірлестігіне (МИБ) немесе жай серіктестікке толық ауысу қажет.
«Тұрғын үй қатынастары саласындағы реформаларға азаматтардың шағымы мен наразылығы түрткі болды. Көппәтерлі тұрғын үйді толық басқару үшін меншік иелері кондоминиум нысанының ортақ мүлкін әр пәтер иесінің құрамы мен үлесін анықтай отырып тіркеуі керек. Көппәтерлі үйдің тұрғындары ортақ мүлікке назар аударып, мұқият болуы қажет. Ал бұл өз кезегінде Тұрғын үй қорын сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан пәтер иелері қаражаттың түсуі мен жұмсалуы ашықтығын қамтамасыз ету үшін өз үйінде мүлік иелерінің бірлестігін немесе жай серіктестік құруы маңызды. 2022 жылғы 1 шілдесіне дейін басқарудың барлық ескі нысандары – пәтер иелері кооперативтері, пәтер иелерінің тұтынушылық кооперативтері, тұтынушылық кооперативтер жаңадан құрылған мүлік иелері бірлестігі мен жай серіктестіктерге барлық техникалық, қаржылық және басқа құжаттарды беруі тиіс және заңнама тәртібімен жойылуы керек»,- деді С.Гусман.
Сонымен қатар, брифингке келген Ақтау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының өкілі МИБ – коммерциялық емес ұйым болғандықтан, салық төлемейтіндігін жеткізді.
Яғни, МИБ пайда табу мақсатын көздемейді. Жиналған қаржының барлығы дерлік тұрғын үйді күтіп-ұстауға, жөндеуге жұмсалады. Сол себепті салық төлеуге міндетті емес.
«Пәтер иелері кооперативтері (ПИК) бірнеше тұрғын үйге қызмет етеді. Он немесе жүз шақты үйге бір ғана есепшот ашылғандықтан тұрғындардан жиналған ақшаның қайда жұмсалғанын нақты білу мүмкін емес. Ең алдымен ол қаржы тозығы жеткен үйлерді күтіп ұстауға кететіні айтпаса да түсінікті. Жаңа үйдің тұрғыны ПИК-ке қарасты ескі үйді жөндеу үшін ақша төлеп келді. Яғни, ПИК-тің қызметі тиімсіз болғандықтан, біз тұрғындар болып бірігіп МИБ құрдық», - дейді 5 шағынаудан 39 тұрғын үй бойынша Мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Ольга Романовская.
Оның айтуынша, тұрғын үйде МИБ құрылғалы оң өзгерістер орын алған. Мүлік иелерінің бірлестігі немесе жай серіктестік құру үшін тұрғындарға қалалық Тұрғын үй инспекциясы бөлімі мамандары қала әкімдігінің 1 қабатында орналасқан қызмет көрсету орталығында дүйсенбі-жұма күндері аралығында кеңес береді.
Сонымен қатар, брифингте «Маңғыстау облысының басқарушы, Сервистік компаниялар және Мүлік иелерінің бірлестігі қауымдастығының» төрағасы Қайырғалы Қалмұқанов тұрғындарға жиналысты ұйымдастыру, өткізу және өзге де сұрақтар бойынша 6 ш/а «Жастар үйі» 15 кабинетінде орналасқан қауымдастықтың кеңсесіне тегін кеңес беріп, МИБ ашу бойынша толық құжаттардың үлгілерін алуға мүмкіндік бар екенін жеткізді.