Кеше «Балдәурен» жазғы демалыс лагерінің ашылу салтанаты өтті. Лагерь 18 маусым күні алғашқы ауысым балаларын қабылданған болатын, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Лагерь ұйымдастырушысы, «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Несібелі Қуатованың айтуынша, «Балдәурен» базасы бір мезгілде 140-160 баланы қамти алады. Алайда, бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысын басшылыққа алып отырып, талапқа сәйкес, бір ауысымда 100 бала қабылданып отыр.
- Лагерь уақытында сыртпен байланыс орнатылмайды, балалар 10 күн бойы базадан шықпай-ақ, түрлі шараларға қатысады. 3 ауысым бойы облыстағы жеңілдік санаттағы балаларды қамтимыз, содан кейін лагерь балаларды ерікті түрде ақылы қабылдауды жалғастырады. Балалардың жасы 7-14 жас аралығында. Лагерь – мемлекеттің меншігіндегі теңіз жағалауында орналасқан балаларға қуаныш сыйлайтын бірден-бір кешен, - дейді Қуатова Несібелі Қыдырғалиқызы.
- Лагерьге осы ауысымда әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары, сондай-ақ отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері келді. Бұл балалар бізге аманат – дейді лагерь басшысы Сұлтанов Бауыржан.
Ресми ашылуында лагерьдегі әр топ өзін таныстырып, ән айтып, би биледі. Сондай-ақ, Маңғыстау облыстық ассамблеясының ұйымдастыруымен, «Мың бала» жобасы аясында лагерь балалары үшін мемлекеттік тіл туралы викториналық сұрақтар қойылып, жеңімпазға сыйлықтар үлестірілді.
"Мың бала" жобасының ұйымдастырушысы Айгүл Дәденнің айтуынша, лагерь тәрбиеленушілері қазақ тілін жақсы меңгерген. Әр түрлі этнос балалары қазақша викториналық сұрақтарға еркін әрі дұрыс жауап берді.
— Лагерьде балалардың бәрі бірдей қазақ тілінде сөйлейді, бізде концерттер қазақ тілінде өтіп жатыр, — дейді 9 жасар тәрбиеленуші Райымбек.
Айта кетейік, лагерь бағдарламасына арнайы қуыршақ театры және драма театры қойылымдары кіргізілген. Балалар табиғат аясында қойылымдар көріп, кітап оқып, сурет салып, ән айтып, би билеп жарысады. Лагерь уақытында теңіз жағалауында, таза ауада демалып, интелектуалдық ойындар ұйымдастырылады.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН