Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау – бүгінгі күнде елімізде ерекше ден қойылған мәселе. Ұлттық тарихымызды түгендеу үшін Президент Жарлығына сәйкес өңірлерде жүйелі жұмыстар басталып, облыс әкімдігі жанынан саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия құрылды. Жуырда өңірлік қоғамдық коммуникация алаңында осы комиссияның атқарған жұмыстары бойынша баспасөз брифингі өтті.
Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы, Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Аманғали Нұрдәулетов саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
– 1920–1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін – халықтың жаһандық трагедиясы. Бұл ауыр жолда қаншама адам жанын пида етіп, мүліктерінен айырылып, депортацияға ұшырады. Осы ретте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлыққа қол қойып, елімізде осы бағытта жүйелі жұмыстар басталып кетті.
Мақсат – саяси-қуғын сүргін құрбандарына ұшырап, күні бүгінге дейін ақталмаған азаматтардың нақты санын анықтау. Қазіргі таңда Маңғыстау облысының әкімдігі саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның құрамы мен комиссия туралы ережені бекітті. Жалпы комиссия құрамы 26 адамнан жасақталды. Бұл қатарда мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдерінен – 7 адам, ғалымдар, тарихшылар мен өлкетанушылардан – 9 адам, азаматтық қоғам мен қоғам өкілдерінен 10 адам бар. Жыл басынан бастап комиссияның 4 отырысы өткізілді.
Сонымен қатар азаматтық қоғам өкілдерінің және қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарының қатысуымен Жаңаөзен қаласында, Бейнеу, Маңғыстау, Түпқараған аудандарында 4 көшпелі отырыс өтті. Кездесу барысында құжаттарды іздеу бағыттары анықталып, сұрақтар бойынша түсініктемелер берілді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі өңірлік комиссиялардың қызметін ұйымдастыру әдіснамасына сәйкес Маңғыстау облысы комиссиясы жұмысының нақты тақырыптық бағыттары айқындалды, – деді Аманғали Сүлейменұлы.
Республикалық комиссияның ұсыныстарына сәйкес өңірде 9 жұмыс тобы құрылып, 11 қордың тізімін қалыптастыру жұмыстары басталған. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағаттық құпия құжаттарын зерделеу үшін комиссия құрамының 3 мүшесіне рұқсаттама алынған. Сонымен қатар мұрағаттың араб тіліндегі құжаттарын зерттеу мақсатында аудармашы маман тартылған. Қазіргі уақытта жұмыс тобының мүшелері 604 әскери тұтқындардың тізіміне және 478 қуғын-сүргінге ұшырағандардың тізіміне қатысты мәліметтерді зерделеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Комиссияның ұсынымын орындау шеңберінде Маңғыстау облысының полиция департаментімен бірлесіп, ақталған және ақталмаған қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың істері бойынша арнайы 3 қор құру бойынша шаралар қабылданған. Мұрағаттық құпия құжаттарды сақтау үшін департаментте арнайы орын бөлінген. Мұрағат барлық нормативтік нормаларға сәйкес жабдықталған. Облыстық мұрағаттың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін және іс-сапар шығындарына бюджеттен 30 млн. теңге қаражат қарастырылған.
Маңғыстау облысының мемлекеттік архивінің басшысы Минара Сәдімекова саяси қуғын-сүргін құрбандары тізімі толыға түскенін, бұрын белгісіз болған тұлғалар есімдері анықталғанын атап өтті.
– Маңғыстау облысы полиция департаментінен 604 адам енгізілген тұтқындар тізімі түсті. Бәріңізге белгілі «Тағзым» кітабының 4-томында тұтқындардың тізімі бар. Сол тізіммен салыстырып қарағанда 347 адам жоқ екенін анықтап, тізімді толықтырдық. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасады. Сонымен қатар қуғын-сүргінге ұшыраған 478 адамның 238-інің аты-жөндері толықтырылды. Қазіргі күнде өңірлік комиссияға келіп түскен өтініштер саны – 25. Сондай-ақ 39 адамның тізімі жасалды. Оның ішінде 8 адам ақталған. 31 адам жөнінде мәліметтер іздестіріліп жатыр, – деді архив басшысы.
Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі комиссиясының мүшесі, өлкетанушы, тарихшы Алқажан Еділхан зұлматты жылдарда болған оқиғаларды жариялап, зерттеу үлкен маңызға ие екенін, бұл іс еліміз тәуелсіздік алғаннан уақыттан бері қолға алынып, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқанын атап өтті.
– Осы кезең ішінде үлкен істер атқарылды. Форт-Шевченко қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. Біздің мақсат – басталған жұмысты одан әрі тереңінен зерттеу, өңірімізде болған көптеген құбылыстарға саяси баға беру. Біз осы мәселелер төңірегінде жұмыс жүргізіп жатырмыз. 30 жылдары халық көтерілісін басу үшін 17 әскери құрама біздің Маңғыстауға жіберілген екен. Ол әскердің алды 100 қылышпен, арты 15-20 қылышпен қаруланған. Бұл әскердің 17-сі де бірнеше ұрысқа қатысқан екен. Осы оқиғаларға қатысты арнайы картаны да әзірледік. Әзірге қолда бар құжаттарға сүйеніп ұрыс болған аймақтарды анықтауға тырыстық. Құпия құжаттарда бұл мәселелер әлі де толығады деп есептейміз.
Біз құпия мұрағаттардан осы ұрыстарда қандай оқиғалар болғанын анықтағымыз келеді. Тағы бір қолға алған іс – ірі шайқас болған жерлердегі ұрыстың бағыты. Мұндағы мақсат – қыркүйекте мектепте оқушыларға, оқу орындарында студенттерге арнайы дәріс, факультативті сабақ өткізуге, академиялық дәрістер оқуға дайындық жасау. Мұрағат деректерін зерттей келе үлкен салалық ғылыми ізденістер керек екенін аңғардық. Біз гендерлік саясатты назарға алып отырған елміз ғой. Осы орайда 20-30 жылдары Маңғыстаудағы әйелдердің басынан кешкен жағдайларды да есепке алғымыз келеді. Бұл да бір ғылыми зерттеуді қажет етеді. Бұл әйелдердің ішінде үй шаруасымен ғана айналысқандары емес, ұрысқа қару алып қатысқандары, сол шайқаста қаза тапқандары, тұтқындалғандары, із-түзсіз кеткендері бар. Осыған қатысты жұмыстарды да қолға алмақпыз. Мұрағаттарда жеткілікті дәрежеде құжаттар сақталған. Көптеген мәліметтерді алуға болады. Осы жұмыстарды тиісті деңгейде жүргізуге Үкімет, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажетті жағдай жасалып отыр. Рахмет айтамыз. Тарих, жер, адам – бәрі өзіміздікі. Бұл жерде не болып, не қойғанын келер ұрпаққа сол қалпында жеткізуіміз қажет, – деді Алқажан Меделұлы. Тарихшы сондай-ақ бұл оқиғаларға саяси баға беру жайына да тоқталды.
– Біз ұйысқан бір ұлтпыз ғой. Саяси баға ұлттық деңгейде жасалуы керек. Бұл – өте күрделі шаруа. Тұлғалардың өмірін зерттеп қараған кезде адами, моральдық жағынан қиын жағдайларға тап боласың. Бұл жалғыз біздің өңір халқы емес, барлық қазақтың басынан өткен жағдай болса керек. Сондықтан мұны қалай болғанда да ұлттық дәрежеде шешуіміз қажет, – дейді өлкетанушы.
Өңірлік комиссияның жұмысы бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланып жүр. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөнінде 43 мақала, интернет-ресурст арда 78 материал, әлеуметтік желілерде (фейсбук, инстаграм, телеграм) 194 пост жарияланған. Сондай-ақ жергілікті тұрғындардың саяси қуғын-сүргін құрбандары болған ата-бабалары туралы мәліметтерін жинау үшін облыстық газеттерде айдарлар ашылды.
Ішкі саясат басқармасының басшысы А.Нұрдәулетов мұндай ауқымды жұмыс қажырлы еңбек пен уақытты талап ететінін, өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету баршаға ортақ перзенттік борыш екенін айтып, осы орайда облыс тұрғындарынан мәліметтерді жинақтау үшін фейсбук, телеграм каналы, электрондық поштаға ақпараттарды жіберуді сұрады. Сонымен қатар қажетті ақпараттарды анықтау мақсатында 8 (7292) 30-44-22 және 3044-17 тікелей байланыс нөмірі де іске қосылған.
Аталған әлеуметтік желілерге барлық азаматтар өздерінің ақталмаған туған-туысқандары мен жақындары туралы мәліметтерді жіберуге толық мүмкіндіктері бар. Жолданған әрбір ақпарат Маңғыстау облысының мемлекеттік архивіне түседі.
Жайық НАҒЫМАШ