Биыл Маңғыстау облысында жалпы білім беретін мектепті 7 010 оқушы бітірді. Түлектердің 218-і «Алтын белгі», 424-і «Үздік аттестат» иегері атанды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Светлана Төлебаева айтты.
Оның айтуынша, 2020-2021 оқу жылында жалпы білім беретін мектептерді 158 756 оқушы аяқтады. Оның 156 154-і күндізгі мемлекеттік білім беру мекемелерінде білім алды.
«Карантиндік шараларға сәйкес, облыс мектептерінде осы оқу жылында оқыту 3 форматта жүргізілді: қашықтан, штаттық режимде және кезекші сыныптар арқылы. Қашықтан оқытудың қиындықтарына қарамастан оқу процесі тоқтаған жоқ. Сабақтар цифрлық платформаларды қолдану арқылы өтті. Білім саласында кеткен олқылықтарды жою үшін өңірде жазғы мектептер жұмыс жасады. Онда 30 мыңнан астам оқушы білімін жетілдірді. Оcы оқу жылының қорытындысымен сапа көрсеткіші 64,9 % құрады. Үлгерім – 100 %», - деді Светлана Төлебаева.
Айта кетейік, биыл ҰБТ 15 сәуір күні басталды. 30 маусымда аяқталады деп жоспарланып отыр. Облыс әкімінің жоғары және жоғарыдан кейінгі білім алуға жергілікті бюджеттен 175 грант тағайындалды. Оның 165-і бакалаврға, 10-ы магистратураға арналған. Мамандықтар тізбесіне өңірге қажетті педагогика, медицина, ауылшаруашылығы, өнер салалары бойынша мамандықтар енгізілді.
«Тағы бір ерекшелік, талапкерлерге тест тапсыруға 2 мүмкіндік беріліп, жоғары нәтижеге қол жеткізген баллдарымен мемлекеттік білім беру грантын алады. Облыс әкімінің білім беру грантына конкурс тамыз айында өтеді. Конкурсқа құжат қабылдау орны қосымша ресми хабарланатын болады», - деді Светлана Төлебаева.