Бұл туралы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Серік Мейірманов айтты.
«Жаңа жүйені енгізудегі негізгі мақсат «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, қоғамдық көліктердің қызметін жақсарту, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауды көздейді. Қазіргі уақытта қаладағы №2, 3, 4, 4м, 5, 7 маршрутқа және Мұнайлы ауданындағы «Ақтау-Басқұдық-Ақтау» қоғамдық көліктеріне электронды жолақы төлеу жүйесі толықтай енгізілді. 70 көлік төлем аппаратымен қамтылды. Жоба мәскеулік «BPC GROUP» компаниясы арқылы жүзеге асып отыр», - деді Серік Мейірманов.
Кез келген тұрғын «O-CITY», «Kaspi.kz», «QR код» және «Apple Pay» қосымшасы арқылы төлей алады.
«Жаңа «О-CITY» көлік картасының стандартты және мектеп оқушыларына арналған 2 түрі бар. Оны қоғамдық көлік жолсеріктен немесе маршруттардың диспетчерлік орталығынан алуға болады. Құны 400 теңгені құрайды. Бастапқыда 1 рет тегін жүру мүмкіндігі қарастырылған. Картаны пайдалану үшін ішінде қаражат болуы тиіс. Қаражатты «Kaspi.kz» қосымшасы немесе «QIVI» терминалы арқылы толтыруға болады. Ал қоғамдық көлікте жүру жеңілдігі бар азаматтар «О-CITY» көлік картасын Қазпошта бөлімшесі мен жолаушылар көлігі басқармасынан тегін ала алады», - деді «БПЦ Казахстан» жобасының жетекшісі Данил Соколюк.
Бүгінде қала халқының 40 пайызы жол ақысын электронды төлеуге көшті. Алдағы уақытта электронды жолақы төлеу жүйесін ауданаралық маршруттарға толықтай енгізу жоспарланып отыр.