Ертеңнен бастап өңірде суға түсу маусымы басталады. Статистика бойынша, жаз айларында судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан адамдардың суға бату мен жарақаттанушылардың саны артады. Бұл туралы Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Мұханов облыс әкімімен өткен аппараттық жиында мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Соңғы 5 жылдың көрсеткіші бойынша өңірде 59 адам суға кеткен. Оның жартысы жасөспірім балалар. Биыл жыл басынан бері судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан 2 адам мерт болды.
Мамандардың жүргізген талдауы бойынша суға батудың негізгі себебі қарапайым қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан. Атап айтқанда тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде суға шомылуы, мас күйінде суға түсуге, сондай-ақ балаларды қараусыз қалдыратын ата-аналардың жауапсыздығына байланысты болғанын көрсетті.
Төтенше жағдайлар департаменті басшысының айтуынша мамыр айынан бастап төтенше жағдайлардын алдын алуға бағытталған профилактикалық, үгіт-насихат жұмыстары басталды.
"Мамыр айынан бастап күнделікті патрульдеу арқылы 76 рейд жүргізілді, 9250 мың үгіт материалдары таратылды, 126 волонтер тартылды, оқу орындарында 26 интерактивті сабақ, 2 брифинг, халықпен 31 жиын өткізілді.Күн сайын сағат 12:00-ден 19:00-ге дейін тыйым салынған жерлерде 4 шағын аудан «Каспиан Ривьера» қонақүйінен бастап 5 шағын аудандағы М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияға дейін Т.Шевченко ескерткішінен төмен түсу бағыты және «ШОРА» су арнасында Департамент күшімен мобильді бекеттерді қоюмен үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде", - деді Мұрат Мұханов.
Жиын барысында облыс әкімі аталған мәселеге қатысты нақты тапсырмалар берді.
“Ертең суға түсу маусымы басталады. Жағалаудағы демалыс орындарында халықтың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі тиіс. Демалыс орындары басшылары құтқару қызметін күшейтулері қажет. Сонымен қатар өңірдегі суға түсуге қауіпті аймақтар бақылауға алынсын”, - деді С.Трұмов.
Сонымен қатар аппараттық жиында балалардың құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы білім басқармасының басшысы Светлана Түлебаева баяндама жасады.
Облыста жетім және ата анасының қамқорлығынсыз қалған 487 бала бар. Білім беру ұйымдарында 277 педагог-психологта балаларға психологиялық қолдау көрсету бағытында қызмет атқарады. ҚР тұрғын үй Заңнамасына сәйкес әлеуметтік мәртебесі анықталған 923 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұрғын үй кезегінде тұр. Соңғы 3 жылда тұрғын үй кезегінде тұрған 152 бала тұрғын үймен қамтылған. Отбасы үлгісіндегі балалар ауылында барлығы 8 үй бар. Оның 5 үйіде барлығы 32 бала тәрбиеленуде. Тәрбиеленушілердің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі спорттық үйірмелер мен қосымша сабақтар оқытылады.
Соңғы 3 жылда интернаттық мекемедегі 38 тәрбиеленуші өз отбасына қайтарылды.
Сонымен қатар Светлана Түлебаева білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйесімен толық қамтылғанын айтты. Мәселен, өткен жылы жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, 94 мектептің бейнебақылау жүйесі қолданыстағы нормаларға сәйкестендіріліп, жаңарту жұмыстары жүргізілген.
Биыл 1 қыркүйекке дейін Ақтау, Жаңаөзен қалаларында бейнебақылау жүйелерін ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына қосу жұмыстары жүргізілмек. Бүгінгі күні Жаңаөзен қаласының 4 мектебі аталған орталыққа қосылған. Жаңа оқу жылында мектептегі вахтерлар мен күзетші мамандары қысқартылып, соның есебінен үнемделген қаражатқа мамандандырылған күзет енгізіледі және дабыл тұтқасы орнатылады, деді басқарма басшысы.
Барлық мектепте әжетханалар ішке кіргізілген. Білім беру ұйымдарының 325-де аркалы металлодетектор және 294-де турникет орнату үшін бюджетті нақтылау барысында немесе үнемделген қаражат есебінен қаржы қарастырылмақ.
Жиын соңында облыс әкімі білім басқармасының басшысы мен қала, аудан әкімдеріне мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты тапсырма берді. Сонымен қатар, ата-аналардың қамқорлығынсыз қалған балалардың тағдыры да басты назарда болу қажеттігін айтты.
"Мақсатымыз - балалардың қауіпсіздігін ұйымдастыру. Осы орайда мектептерді күзетуді “Арнайы күзет қызметіне” беруді тапсырамын. Әр білім ордасында мектеп инспекторлары болуы тиіс және барлық мектепте дабыл нүктесін іске қосу керек. Мектеп бітірген соң да балаларымыздың жағдайын қадағалауымыз керек”, - деді С.Трұмов.