Жақында аумақтық департамент және облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Маңғыстау облысы бойынша жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілері арасында «Үздік Әдеп жөніндегі уәкіл» республикалық конкурсына қатысатын үміткер анықталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
2021 жылғы мамыр айының 10 мен 20-сы аралығында конкурсқа қатысуға ниет білдірген үміткерлердің өтініштері қабылданған болатын. Конкурсқа қатысу үшін 4 Әдеп жөніндегі уәкіл мен оның функциялары жүктелген тұлғалар өз өтініштерін білдірді.
Еске сала кетейік, Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарында 1 Әдеп жөніндегі уәкіл мен 6 әдеп жөніндегі уәкіл функциялары жүктелген тұлғалар бар.
Конкурстың объективті және әділ өтуін қамтамасыз ету үшін комиссияның құрамына аумақтық департамент пен облыс әкімдігінің басшыларымен бірге, Мемлекеттік қызмет ардагері, Мемлекеттік және қоғам қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, ҚР Параламенті Мәжілісінің I және II шақырылым депутаты Қ.Ережепов, «Азамат дауысы» үкіметтік емес мекемесінің директоры, Маңғыстау облысының қоғамдық кеңесінің мүшесі Ғ.Жалғасбай және «РТРК Қазақстан» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Б. Жусупов енгізілді.
Комиссия мүшелері конкурсқа қатысқан әрбір үміткермен әңгімелесіп, олардың осыған дейін атқарған қызметтерін, аталып отырған салаға қосқан үлестерін бағалап және алдағы уақытта Әдеп жөніндегі уәкіл институтын жетілдіру мақсатында берген ұсыныстарын ескере отырып, жеңімпазды анықтады.
Өңірлік комиссияның шешіміне сәйкес, «Үздік Әдеп жөніндегі уәкіл» республикалық конкурсына қатысу үшін, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкілдің функциясы жүктелген тұлға – Изгалиев Берик Қабылұлының кандидатурасы бірауыздан құпталды.
15 маусымға дейін өтетін республикалық конкурстың 2-ші кезеңі өтеді. Комиссия мүшелері Б. Изгалиевке республикалық конкурста да облысымыздың беделін абыроймен қорғайтынына сенімдерін жеткізіп, өздерінің көп жылғы тәжірибелерімен бөлісіп, сәттілік тіледі.