Жақында Бейнеу ауданының әкімі Б.Әбілов бастаған, құрамында ауылшаруашылығы мамандары мен депутаттар бар арнайы делегация Ақтөбе облысы Байғанин ауданы әкімі Қайрат Отаровпен аудан орталығы Қарауылкелді ауылында кездесу өткізді. Кездесуде биылғы қуаңшылық салдарын жою үшін мал азығын дайындауға шабындық, шекаралас аймақтарда маусымдық жайылымдарды пайдалану мәселелерін талқылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кездесу барысында Бейнеу делегациясы көрші ауданның тыныс тіршілігімен танысты, бірқатар әлеуметтік нысандарын аралады, ауыл шаруашылығы ардагері Рахым Сембіғалиев Маңғыстау облысымен шектесетін Ақтөбе облысына қарасты аймақта Кеңес үкіметі кезеңінде 1950-1993 жылдары Жетіқақ, Көлтабан, Мүлкі аман, Сарой т.б. жер-суларын тарихи Бейнеу ауданына қарасты Сам, Сыңғырлау совхоздарының малшылары екі жақты келісіммен жайлау ретінде пайдаланылғаны туралы деректер жеткізілді.
Әріптестік нәтижесінде:
1. Жетіқақ жеріне пайдаланып отырған Бейнеу ауданына қарасты шаруашылық иелеріне түсіністікпен қарап, жер мәселесін заңдастыру;
2. Байғанин ауданына қарасты жерлерден шабындыққа жарамды жерлер болса, Бейнеу ауданының шөп шабушы бригадаларына жер бөлу;
3. Байғанин ауданына қарасты шаруалардан тиімді бағада жем-шөп сатып алу;
4. Шекаралас аймақта дала өрттерін болдырмау, алдын алу және оның салдарын бірігіп жою секілді бағыттарда келісім жүргізіліп, Меморандумға қол қойылды.