Өңір басшысы Серікбай Трұмов Маңғыстау облысының VII сайланған мәслихатының үшінші сессиясына қатысты. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев 2021 жылға арналған облыс бюджетінің нақтылау бойынша баяндама жасады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Осы жылдың мамыр айында республикалық бюджетті нақтылау қорытындысы бойынша Маңғыстау облысына 24,3 млрд.теңге қаржы бөлінді. Аталған қаражат тұрғын үй жалдау шығындарын өтеуге, арнайы әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарының жалақысын ұлғайтуға, мемлекеттік бағдарламалар шеңберіндегі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, көлік инфрақұрылымына, магистральді газ желілері, тұрғын-үй, инженерлік желілер құрылысы және сумен қамтамасыз етуге, шағын және орта бизнесті несиелендіруге, кондоминиум объектілеріне күрделі жөндеу жүргізуге бағытталды.
Республикалық ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша мемлекеттік құнды қағаздар шығару есебінен Ақтау қаласындағы Жылы жағажайды сумен жабдықтау жобасын аяқтауға қаржы бөлу мәселесі қарастырылып жатқанын айтып өтті облыс әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар, үш ауысымды оқыту мәселесін шешу қарастырылуда. Ол үшін ҚР Заңына сәйкес, орта білім беру нысандарының құрылысына және күрделі жөндеуге нақтылаумен 3,3 млрд.теңге қаржыландыру ұсынылады. Қаржы бөлінген жағдайда облыстағы 6 мектеп пен 3 мектепке қосымша құрылыс жүргізіледі.
Сонымен қатар А.Меңдібаев жергілікті бюджет есебінен кезек күттірмейтін әлеуметтік сала шығыстарын айтып берді. Бұл денсаулық және білім беру салаларындағы жекелеген нысандардың мәселесі.
Сессия барысында депутаттардан мал азығына қатысты да сауалдар түсті.
Аймақ басшысы биылғы қуаңшылық салдарынан шөп өнімділігі төмен екендігін айта келіп, ауыл шаруашылығына жауапты азаматтарға нақты тапсырмалар жүктеді.
«Шаруаларға қажетті жем, шөп мәселесін шұғыл шешу үшін “Каспий” ӘКК арқылы қолдау көрсетіледі. Тиісті қаражат бөлініп, аудандарға беріледі. Сонымен қатар менің тапсырмам бойынша орынбасарым Ғ.Ниязов пен аудан әкімдерінің орынбасарлары көрші облыстарға барады. Шөп шауып алу немесе мал азығын сатып алу бойынша келіссөздер жүргізеді. Қазір осы мақсатта Бейнеу ауданының әкімі Ақтөбе облысында көршілес жатқан аудандарда жүр»,-деді облыс әкімі С.Трұмов.