Бүгін Маңғыстау облысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол өңірде жүзеге асырылып жатқан бірқатар ірі инфрақұрылымдық және туристік жобалардың барысымен танысты. Премьер-Министрінің орынбасары Р.Скляр мен облыс әкімі С.Трұмов алдымен «Ақтау-әуежай» автомобиль жолының құрылыс жұмыстарын көрді. Бүгінде онда жолды кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жобаға сәйкес, жаңа жол төрт жолақты болады. Екі жолағы бітуге жақын. Құрылыс жұмыстары қаладан әуежайға баратын трассаның 5 шақырымынан бастап 29-ші шақырымына дейін жүргізіледі.
Ақтау маңында тағы бір автомобиль жолы салынып жатыр. "Хонда" орталығынан Өмірзақ ауылындағы "Т"- тәрізді қиылысқа дейінгі автомобиль жолын жаңарту жұмысы биыл жылдың басында басталған болатын. Ені 14 метр, ұзындығы 4.5 шақырым жаңа жол учаскесі туристік аймаққа және кері қарай келе жатқан автомобильдердің ағынын жеңілдетіп, әсіресе жазғы кезеңде көлік кептелісін реттейді. Аталған жол құрылысын биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Осыдан кейін Р.Скляр бастаған жұмыс тобы Мұнайлы ауданындағы «Каспий» су тұщыту зауытына барды. Бүгінде тәулігіне 20 мың текше метр су өндіретін зауттың қуатын екі есе арттыру үшін кәсіпорын жаңғыртылып жатыр. Құрылыс жұмыстарын жаңа жылға дейін аяқтау көзделіп отыр. Осылайша бірнеше айдан соң зауыт тәулігіне 40 мың текше метр теңіз суын тұщытып, ауыз су тапшылығын шешуге мүмкіндік бермек. Р.Скляр жобаның уақытылы қаржыландырылып, жүзеге асуына ықпал ететінін жеткізді.
Премьер-Министрдің орынбасары жылы жағажайда салынып жатқан туристік нысандардың құрылысын да көрді. Мұнда қазір үш ірі компанияның бастамасымен қонақүй, демалыс кешендері мен аквапарктер салынып жатыр. Алғашқы туристік нысан алдағы шілде айында пайдалануға берілмек.