Әрбір азамат үшін Отан алдындағы әскери борышын өтеу абыройлы міндет. Бүгін Маңғыстау облысы теңіз жаяу әскерінің қатарына қабылданған 300-ге жуық сарбаз салтанатты түрде ант қабылдап, Отан алдындағы борышын адал өтеуге серт берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жас жауынгер курсынан сәтті өткен жігіттер теңіз жаяу әскері қатарында әскери қызметін өтемек. Жас жауынгер еліміздің сегіз өңірінен келген. Атап айтқанда Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы.
Осы сәттен бастап Отан қорғаушылардың қатарына қосылған сарбаздарға жүктелген міндет те зор. Өйткені әскери ант - әскери өмірдің өзгермейтін заңы. Онда Отанды қорғаудың, оның ішінде халыққа және заңды сайланған Президентке адал қызмет етудің айқын белгілері бар, - дейді теңіз жаяу әскері гвардиялық бригадасының командирі подполковник Жаннұр Сатқынов.
«Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» деген рухты ұрандар әскери бөлімнің саптық алаңында жаңғыра естілді. Сарбаздар елі мен жерінің тыныштығын күзетіп, халқының амандығы үшін қорған болуға ант етті.
Мен осы теңіз жаяу әскерінің қатарына қабылданғаныма қуаныштымын. Ел қорғау - ердің міндеті. Міндетімізді адал атқарамыз деп ант етемін, - дейді ақтөбелік жас сарбаз Айсұлтан Көпбергенов.
Сарбаз атанып, Отан қорғау әр ер азаматтың парызы. Жас жігіттер бір ай бойы әскери өмірге төселіп, қатаң тәртіпке үйренген. Енді олар түрлі батальондарға бөлініп, әскери борышын сонда өтейді. Осылайша, олар ел тәуелсіздігінің тұтастығын, бейбіт күннің тірлігін кірпік қақпай күзетеді.