Сенекте тарихи фильм түсіріледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Фильм Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, кинодраматург Смағұл Елубаевтың ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық туралы әйгілі "Ақ Боз үй" романы бойынша түсіріледі, драма жанрындағы тарихи фильм болады.
Фильмде күллі қазақ халқы көрген нәубетті бір әулет басынан кешірген оқиға арқылы көрсетуді мақсат етіп отыр.
"Үздік шетелдік драма" номинациясын алған "Аңшы бала" және "ОАЗИС", "Бала ғашық" көркем фильмдерін түсіруші режиссер Бегарыс Елубаевтың бұл фильмінде басты рөлді С.Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының әртісі Қайрат Кемалов Пахреддин би ретінде сомдайды.
Жақында "Парасат" орденінің иегері Смағұл Елубаев түсірілім тобымен бірге Сенек ауылына келіп, фильм түсіретін орынды қарап танысты. Қазақ елінің ашаршылықтан қырылған ауыр кезеңі сомдалатын тарихи фильмнің түсірілімі алдағы апта басталып, 2022 жылдың наурыз айында көрерменге жол тартпақ.