Бұл туралы Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Аққу Айтжан мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтауда 13-18 мамыр аралығында сканерлеу кезінде 1 адамнан «қызыл» статус расталып, тағы бір тұрғында «сары» статус тіркелді.
«Бүгінде осы жаңашылдықты қолдану арқылы қабылданған санитарлық шараларға қосымша бақылау жасалуда. Ал «Ashyq» мобильді қосымшасы арқылы қалада санитарлық дәрігердің талаптарын елемейтін азаматтар анықтала бастады. Қонақтар мен қызметкерлердің вирусты жұқтыру қаупі төмендегендіктен, пилоттық жоба карантиндік шектеулер кезеңінде бизнестің қызметін жалғастыру алгоритмдерін оңтайландырады», - деді Аққу Айтжан.
Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасында бұл жобаға кәсіпкерлік субъектілері ғана емес, сонымен қатар білім беру және мәдени нысандар қосылғанын айтты. Бұл тізім алдағы уақытта әскери бөлімдермен толықтырылады деп күтілуде.
«Ashyq пилоттық жобасына тағы 15 кәсіпкерлік нысанды қосу жоспарланып отыр. Әскерилердің еріктілер қатарына қосылуы қуантады. Осы шаралар қалыпты режимге оралуға көмектеседі. Кәсіпкерлік нысандарда қауіпсіз орта қалыптасатын болады», - деді Жанна Тоқбаева.
Сондай-ақ, спикерлер «Ashyq» жобасына қатысатын кәсіпкерлер арасында қосымшаның қолданылуы төмен деңгейде екені туралы айтты.
«Жүктелген 283 кодтың 44-і белсенді емес. 44 кәсіпкер 2 апта ішінде 20 немесе одан аз келушілерді сканерлеген. Бұл тізім бақылау тобына жіберілді. Мониторингтің алғашқы нәтижесі бойынша 2 кәсіпкер 2 аптаға жобадан уақытша шығарылды», - деді Аққу Айтжан.