Денсаулық сақтау саласын цифрландыру – бұл денсаулық сақтау саласындағы дәстүрлі бизнес-процестерді трансформациялау үшін цифрлық технологияларды пайдалану.
Елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы № 827 қаулысымен бекітілді. Бағдарлама 2018– 2022 жылдарға арналған. Оның негізгі мақсаты —Қазақстан Республикасы экономикасының даму қарқынын жеделдету жəне цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ Қазақстанның экономикасын болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа дамуға көшіруге жағдай жасау.
Қазіргі жағдайда шалғай ауылдық жерлерде интернеттің қолжетімділігі, құны мен сапасы, компьютерлік техниканың жақсы болуын қамтитын инфрақұрылымдық проблемалар бар. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің жұмыс орындарын компьютерлік техникамен жабдықтау бойынша жүргізілген жұмыстарға қарамастан, көптеген ұйымдарда компьютерлердің моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген модельдері пайдаланылуда, сондай-ақ егде жастағы дәрігерлер үшін медициналық мәліметтерді электронды түрде жүргізуге көшу өзіндік бір проблема тудырып отыр. Ал денсаулық сақтауды цифрландыру медицина саласындағы медициналық қызметтердің сапасын арттыру электронды денсаулық сақтауды дамытуды және қағазсыз жұмыс процесіне көшуді талап етеді.
Денсаулық сақтауды цифрландыру медицина қызметкерлері мен медперсонал жұмысын қалай және қаншалық жеңілдетеді? Тиісті деңгейде іске асырылған жағдайда цифрлық құралдар медициналық көмек көрсетудің әр кезеңі мен деңгейінде күнделікті клиникалық практикада қолдануды қамтамасыз ете алады:
• профилактикалық және жоспарлы медициналық қызметтерді жоспарлауды жеңілдетеді;
• жасанды зерденің көмегімен цифрлық медициналық кескіндер (рентген, УДЗ, КТ, МРТ) бойынша диагноз қоюды жеделдетіп жеңілдетеді;
• жоспарлы немесе жоспардан тыс медициналық қызмет көрсету қажет болған жағдайда сол жағдай немесе пациент туралы хабарламалар мен ескертулер алу;
• пациентті қайта бағыттау үшін бос ресурстардың (препараттар, медициналық бұйымдар, техника, қызметтер, төсек-орын) болуы туралы ақпаратқа жылдам қол жеткізу;
Ауылдық жерлерде зерттеу нәтижелерін цифрлық форматта орындай алмайтын немесе заманауи компьютерлік техникамен пайдалану мүмкін емес яғни ескірген технологияларды пайдаланатын медициналық техника көп.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы денсаулық сақтаудағы цифрлық технологиялардың жалпыеуропалық зерттеулерінің нәтижелерін қорытындылай келе, денсаулық сақтауды цифрландыру ресурстардың шектеулілігі жағдайында денсаулық сақтау қызметтерінің спектрін кеңейтуге, медициналық көмек пен медициналық ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділік деңгейін арттыруға, инновацияларды ынталандыруға және тиімділіктің өсуіне мүмкіндік беретінін атап өтті.
2020 жылдың қорытындысы республика бойынша цифрландырудың жоспарланған тиімділігі:
• медициналық қағаз құжаттамасына қағаз сатып алуда шамамен 187 млн теңге үнемдеу;
• медициналық кескіндер (флюорография, рентген, маммография және т. б.) үшін сатып алынатын шығын материалдарының 2 млрд 165,6 млн теңгеге санының қысқаруы;
• электрондық сервистер есебінен қан алуды ресімдеу уақытының 2,5 есеге (60%-ға) қысқаруы;
• электрондық сервистер есебінен зертханалық зерттеу нәтижелерін алу уақытының 5 есеге қысқаруы (80%-ға);
• электрондық сервистер есебінен зертханалық және диагностикалық зерттеулерге жолдамаларды тағайындау кезінде уақыттың 4 есеге қысқаруы (75%-ға);
• үйге шақырту кезінде қызмет көрсетуді ресімдеу уақытының 5 есе қысқаруы (80%-ға);
• электрондық сервистер есебінен учаскелік дәрігерге жазылу кезінде уақыттың 4 есе (80%-ға), шағын мамандарға жазылу кезінде уақыттың 86,6%-ға (7 есе) қысқаруы.
Цифрландыру денсаулық сақтаудағы қандай проблемаларды шешуге мүмкіндік береді дейтін болсақ, денсаулық сақтауды цифрландыру – медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыруды қамтамасыз етеді. Цифрландырудың медициналық көмек көрсету процесіне қалай әсер ететінінің ең қарапайым мысалы, мобильді қосымшалар арқылы пациенттердің зертханалық зерттеулер нәтижелерін алу үшін медициналық ұйымға қайта келуді қажет етпей, смартфонда пайдалануда ақпарат алу қолжетімді болады. Бұл пациенттің уақытын үнемдеуді ғана емес, сонымен қатар кезектің қысқаруы мен медициналық қызметкерлердің жұмысының тиімді болуын да білдіреді.
Сонымен қатар, телемедицина және теле денсаулық сақтау жүйелерін қолдану кезінде консультациялық көмекті қашықтықтан көрсету мақсатында да, сондай-ақ созылмалы жай-күйді мониторингтеу кезінде де қол жеткізуге болады және медициналық қызметкерлерге диагноз қоюға және емдеуге көмектесетін сараптамалық жүйелер мен жасанды интеллект медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыра алады. Дәрілік заттарды қадағалау және пациентпен кері байланыс жүйелері препараттарды, әсіресе шығыны жоғары препараттарды неғұрлым ұтымды пайдалануға ықпал етуі мүмкін. Сондай-ақ жұқпалы және жұқпалы емес ауруларды эпидемиологиялық қадағалауды жетілдіруді, ауру мен өлімді болжауды қоса алғанда, қоғамдық денсаулық сақтау проблемаларын шешуге ықпал ете алады.
Аз уақыттың ішінде елімізде медицина саласындағы мұндай өзгерістердің болуы қуантарлық жағдай. Бұл жаңашылдық, науқастарымыздың сауаттылығының жоғарылауына, медицина қызметкерлері мен науқас арасындағы қарым-қатынас деңгейінің артуына үлес қосады. Егер бұрын дәрігерлер науқасты қабылдаған кезде уақытының көп бөлігін қағаз толтыруға жұмсаса, енді жаңа технологиялар арқылы науқасқа жұмсайтын болады. Осыған дейін жасалған жұмыстың барлығы тек жаңа дең¬гейге өту үшін жасалған бастама.
Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет.
Бубетаева Г.М.,
ҚР ДСМ ШЖҚ «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Маңғыстау облыстық филиалының денсаулық сақтау жүйесін ақпараттандыру бөлімінің басшысы