Қожанасыр есімі және оның әңгімелері бүкіл мұсылман, түрік елдерінде кең тараған. Тіпті сондай диаспоралары бар Батыс Еуропа, Америка тараптарында да кездеседі. Ол Қожанасыр, Ходжа Насреддин, Молла Насреддин, Насреддин әпенді деген атаулармен белгілі. Өзі қуақы, әңгүдік, аңқау, аңғал, қу, тіпті кейде ақымақ болып көрінеді. Бірақ соның бәрінде жайсаң, жақсылыққа жаны құмар, байлықты, даңқойлықты жақтырмайтын, халықтың көңілін көтеретін сайқы-мазақ ретінде ел есінде сақталған.
Жоғарыда айтқандай, жердің түкпір-түкпіріне таралғанда оған бір ұнаған алқап Қазақстан болғанға ұқсайды, себебі мұнда біраз әңгімелері әлі айтылады. Енді солардан естігендеріміз бар, оқып көріңіз...
Міне, мынадай болады
Бірде Қожанасыр Каспийдің жағасында қыдырып жүріп, қатты шөлдейді. Тұщы су жоқ, таңдайы тобарсып, тілі күрмеліп, шыдай алмай, теңіз суынан бір-екі ұрттап жібереді. Ол тамағын қырнап, лоқсып, одан сайын қиналады.
Соның арасында, бағына жағадан бір тұщы құдық кездесіпті. Әйкелінде шелегі де бар екен, содан қанып ішіп, рахаттанады. Қолтығында алып жүрген құмырасы бар екен, содан құдықтың суын құйып алады. Сосын Каспийдің жағасына келіп, сөйлепті:
– Әй, Каспий! Сен әлде қандай болып, жер дүниеге сыймай, шалқып жатырсың. «Кереметпін» деп, буырқанасың, бұлданасың, мас болғандай долданып, аузыңнан көбік шашып, жағаны сабалайсың. Бірақ бір кішкентай тұщы құдықтай пайдаң жоқ. Ал нағыз елге керек пайдалы су мынадай болады, міне, қара! – деп құмырасындағы суды теңізге төгіп жіберіпті.
Өзіңіз айттыңыз ғой
Бірде хан үлкен той жасапты. Көп кісілер жиналып, дуылдасып жатыр. Тойға Қожанасыр да келген, жолдастарының арасында әңгіме айтып, көңілді отырады. Хан оның сөздерін көбіне жақтырмайтын болса керек, қасына келіп:
– Әй, Қожанасыр, әдеттегідей өтірікті соғып отырсың-ау, ә? – деп тиісіпті.
Сонда Қожанасыр:
– Айтқаныңызға құлдық, мәртебелі хан ием! Мен мына жолдастарыма сізді мақтап сөз айтып отыр едім. Дүниеде сіздей ақылды билеуші жоқ, керемет мейірбан, халыққа қамқор хан деп отыр едім. Енді ол сөздерім өтірік болды-ау.
– Немене?! Доғар! – Хан ашуға басты.
– Кешіріңіз, аса мәртебелі тақсыр...
Енді өзіңіз айттыңыз ғой, «өтірікті соғып отырсың» – деп...
Хан теріс айналып кетіпті.
Сөзге сөз
Қожанасыр көшеде келе жатқанда бір дәруіш кездесіп, жабыса кетіпті.
– Қожеке, мен сізге бір жақсы тілек дұға айтайын.
– Жоқ, айтпай-ақ қой, тілегің түсінікті ғой, – десе, әлгі қалар емес.
– Айтайыншы Қожеке, айтайыншы... Қоймаған соң, Қожанасыр тыңдап тұрыпты. Дәруіш тілегін айтыпты да:
– Енді маған бірдеңе бер, – деген. Қожанасыр:
– Жақсы, ертең кел, – дей салыпты.
Ертесіне Қожаны дәруіш тағы ұстап алып, сұрақтың астына алады.
– Кешегі берем дегеніңді бер!
– Не берем дедім?
– «Ертең кел» – дедің ғой.
– Ә-ә! – депті Қожекең, – сен тілек дұға айттың, ол сөз ғой. Мен «ертең кел» дедім, бұл да сөз. Яғни сөзге сөз. Мұнда ешқандай бережақ жоқ. Бар, жөніңді тап!
Мойнымның қытығы жаман
Бір күні патша Қожанасырды қатты қорқытпақ болады. Әдейі шақыртып алады да, «сенің бір күнәң бар, дарға асамын» дейді.
– Ойбай! Не үшін?
– Сұрама, о дүниеге барған соң білерсің. Ал қандай соңғы тілегің бар, айт!
– Жалғыз тілегім бар, орындайсыз ба?
– Сөз жоқ, орындалады, айт.
– Мен қытықшылмын, әсіресе мойнымның қытығы жаман. Біреудің қолы тисе болды, шыдай алмаймын. Сондықтан менің тілегім – мойнымнан емес, белімнен асыңызшы?! Орындайсыз ғой...
Басшы үшін жаным пида
Бірде бір шенеулік Қожанасырды қонаққа шақырыпты. Біраз кісі жиналған. Қонақтардың ішінде қаланың басшысы бар екен. Үйдің қожайыны соған жалбақтап, әдейі дайындаған құрметті орынға отырғызып, алдына басқалардікіндей емес, бөлек дәмді тағам қойған. Оның қасында Қожекең отыр екен, ол байқамаған болып, өзінің табағын басшының алдына қарай ысырып жіберіп, оның дәмді тағамын өзіне алыпты. Мұны көріп қалған қожайын:
– Қожанасыр, ол тағамға тиіспеңіз, сізге зиянды болуы мүмкін, – депті.
– Мен соны біліп отырмын, мырза. Бұл тамақты дайындағанда оның зиянды екенін білмей, қате жіберіпсіз. Енді мен сіздің сол қатеңізді ақтап, ұятқа қалдырмайын дегенім. Біздің қаланың қадірменді басшысы зиянды тамақ жеп, шейіт болса, біз қалай күн көреміз. Мен өлсем ештеңе етпес, жаным пида, мына басшы аман болсын! – деп тартып алған тамағын асай беріпті.
Қожаның шапаны
Қожанасыр базарға барып, есегін сатып жіберіпті. Сөйтіп жаяу қалған. Үйі алыс. Шаршап келе жатса, бір ауылдасы атқа мініп келеді екен.
– Әй, мырза, сізге бір өтінішім бар.
– Ол қандай?
– Менің мына шапанымды ауылға ала кетіңізші.
– Жақсы, оны кімге жеткізейін?
– Жоқ, оны шапанның өзі біледі, өзі барады.
– Әй, сен ақымақсың ба? Шапанның өзі қалай жүреді?
– Оның еш қиындығы жоқ. Шапанның ішінде өзім болам ғой.
Ауылдасы Қожаның қулығына күліп, атқа мінгестіріп алыпты.
Қазының басы
Қаланың судьясы – қазы Қожанасырды жақтырмайды екен. Бір күні сол қазыда шаруасы болып, үйіне келеді. Оның үйде екенін терезеден көріп қалады. Бірақ қазы жасырынып, қызметшісіне айтады: «мені үйде жоқ, базарға кетіп қалған» де.
– Қазы бар ма үйде?
– Жоқ, ол базарға кетіп қалды.
– Бассыз қалай кетеді-ай? Терезенің алдына басын тастап кетіпті ғой. Келгесін оған айтыңыз, басын екіншілей үйде тастамасын, өйтпесе жұрт ойлайды ғой, ол үйде екен деп...
Сиырды солай өткіздік қой
Қожанасыр бір күні сиырын сатайын деп базарға барады. Бірақ сиырын ешкім алмайды. Оны жетектеп үйіне қайтып келе жатса, бір пысық саудагер танысы кездесіпті.
– Қайдан келесің?
– Базардан, мына сиырымды сатайын деп едім, өтпейді.
– Ой, сол да сөз болып па? Жүр қайта базарға, мен өткізіп берейін.
Базарға қайтып келеді. Әлгі саудагер сиырды мақтай жөнеледі.
– Бұл – жас сиыр және сүтті, асыл тұқымды мал. Қазір ішінде төлі бар, буаз. Енді алты айда туады.
Базарда мал саудалап жүргендер сиырға таласып, тіпті қымбат бағаға алып кетеді.
Содан бір күні біреулер Қожанасырдың қызына құда түсіпті. Құдаларға қыз ұнап, келісімге келіп отырғанда үйге Қожанасыр кіріп келіпті. Ол басында ауылда жоқ екен. Әйелі хабарын айтып, құдаларды таныстырып, келісіп отырғандарын білдіреді. Қожанасыр да қызын мақтай жөнеліпті:
– Қызым жақсы бала, көрікті, мінезді және қазір екіқабат, алты айдан кейін босанады, – деп қойып қалыпты. Әйелі не дерін білмей, шалқасынан түсіпті. Құда түсіп отырғандар:
– Қой, ондай қыздың бізге қажеті жоқ, – деп тайып тұрыпты. Әйелі айқайға басып, Қожанасырды жерден алып, жерге салып жатыр.
– Әй, оңбаған! Екіқабат дегенді қайдан шығардың, баланың абыройын төгіп?!
Сонда Қожанасыр айтады дейді:
– Қайдан білейін, өткенде біз сиырды солай өткіздік қой.
Сенің жаның тіпті керемет!
Қожанасыр былай жақсы адам болғанмен түрі түр емес көрінеді. Аңқау, әңгүдік, жайсаң мінезді болса да бет әлпеті адам шошығандай албасты сияқты екен. Бір күні екеуі шүйіркелесіп, сөйлесіп отырғанда әйелі айтыпты:
– Құдай қосқан жарым-ау, өткенде саған тұрмысқа шыққанда бетімді көлегейлеп, бүркеніп жүргенде сенің жүзіңді көрмеппін ғой, тіпті жаман екенсің! Өзіңнің осындай ұсқынсыз тұрпатыңа шыдап жүрген сенің жаның қандай мықты! – депті. Сонда Қожекең айтыпты:
– Үйбөй, нақ сүйерім-ау, сен өзіңнің жаныңның мықтылығын айт тағы! Мен өзімді өзім көрмеймін, үйімізде айна да жоқ. Түрімнің нашарлығы маған белгісіз. Ал сен мені күндіз-түні көресің, содан жүрегің айнымай, шыдап жүргенің ерлік қой. Сенің жаның менікінен де керемет!
Ішінде өзім болмағаныма шүкір!
Қожанасырдың үйіне ұрылар тыным бермейді екен. Бір күні ұры тіпті шектен шыққандай көрінді. Сыпылдап үйдің қасынан кетпей қойған. Қожекең есікті жайлап ашып қараса, аулада ағаштың түбінде біреу тұр. Тіпті қасақана қимылдап, билеп тұрғандай.
Үйінде ертедегі соғыстардан қалған бір оқтаулы шиті мылтық сақтаулы еді. Соны алып, сыртқа шығады да ағаштың түбінде қалбаңдап тұрғанды көздеп, атын жібереді. Сөйтеді де, үйіне келіп, жатып қалады.
Таңертең тұрып қараса, түндегі атқаны ағашқа ілулі тұрған өзінің шапаны екен. Алдында жаңбырдан су болған соң, әйелі кептіріп қойған. Омырауы бытыра тиген шұрқ тесік.
Қожанасыр тізерлеп отыра қалып, екі қолын аспанға жайып:
– Ей, құдыретті Алла тағала! Мені құтқарғанына мың рақмет! Ана шапанның ішінде болсам, өлер едім ғой! – деп зарлайтын көрінеді.
Сабын ұрлаған қарға
Қожанасыр кемпірімен екеуі бір күні өзеннің жағасына кір жууға, өздері де шомылуға барған. Сөйтіп жүргенде бір қарға ұшып келіп, бұлардың жағаға қойған сабынын тістеп ұшып кеткен. Кемпір байбалам салып жатыр.
– Қарға сабынды алып кетті, алып кетті! Сонда Қожанасыр айтыпты:
– Қойшы, кемпір, үндеме. Ол қасқаға да сабын керек болған ғой. Түріне қарамайсың ба? Өмірінде сабын, су көрмеген қап-қара. И-и, бір жуынсыншы бишара!
Зат тасушыдан зытқан
Бірде Қожанасыр базарға барып, бір нәрселер сатып алғанда, соларды үйге жеткізу үшін зат тасушы жалдаған. Бұл зат тасушы қу екен, зып беріп көпшілікке араласып, Қожаны адастырып кеткен. Қожа оны әрі іздеп, бері іздеп таба алмайды.
Оншақты күннен кейін әлгі зат тасушыны көріпті де Қожекең одан тұра қаша жөнеледі. Жұрт: «Әй, Қожанасыр, неге одан қашасың?» десе, ол айтады дейді:
– Ол сенің дүниелеріңді он күн болды, әлі тасып жүрмін, соның бәрінің ақшасын төле десе, қайтем? Бәледен аулақ! – деп Қожанасыр одан сайын зытып кеткен екен.
Қожанасыр – ұры
– Япыр-ай, осы өмірде ұрлықшы көп. Әсіресе менің үйіме тыныштық бермейді. Осы менің солардан нем кем? Мен де ұрлық жасап көрейінші – деп Қожанасыр бір күні ұрлыққа шығады. Бір байдың үйін таңдап, терезесі биіктеу екен, соған баспалдағын алып барады. Терезеден ішке түседі, басқышымды көшедегілер көріп қалады деп, оны да суырып кіргізіп, иығына салып алады.
Дыбыстан оянып кетіп, бай шығыпты. Қожанасырды көріп:
– Қожанасырмысың? Мұндайың жоқ еді ғой, неғып жүрсің?
Қожекең сасып қалып:
– Мына баспалдақты сатайын деп едім, – дейді.
– Әй, есің дұрыс па? Саған біздің үй базар ма? Беймезгіл түн ортасында бұл не жүріс? – дейді бай.
– Байеке, сіздің үй базардан кем емес, мұнда дүние, ақша көп. Ал сауда деген күнтүн демей бола береді ғой. Алсайшы мынаны, арзан берем.
Не керек, құтырғаннан құтылған деп, бай азғантай ақша беріп, басқышын алып қалыпты. Үйіне келіп, әйелін оятып:
– Байдың үйінен ақша ұрладым, мінеки, – деп Қожекең мырс-мырс күледі дейді.
Сержан ШАКРАТ,
ҚР еңбек сіңірген қызметкері,
құрметті профессор,
Маңғыстау облысының және Ақтау қаласының құрметті азаматы