Бүгін Ақтауда бір топ бүлдіршін балабақшаға кіре алмай, далада 40 минут тұрды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ата-аналардың айтуынша жаңа келісімшартқа қол қоймағандардың балалары бақшаға кіргізілмеген. Ал жаңа келісімшарт бойынша төлемақы 4 мың теңгеге қымбаттаған. Алғашында 16 мың теңге, одан кейін 21 мың теңге төлеп келген ата-аналар директор енді айына жиырма бес мың теңге төлеуді талап етіп отыр дейді.
Жаңа келісімшартқа қол қоймағанымыз үшін балаларымызды балабақшаға кіргізбей қойды. Осымен үшінші рет төлемақыны қымбаттатып жатыр. Бұл жолы бағаны тамақтану үшін көтердік деді. Балабақша директорынан не үшін қымбаттады деп сұрасақ «солай істегім келді, менің қарыздарым бар» деп жауап берді. Ол өз қарызын ата-аналардың ақшасымен жапқысы келіп отыр, - дейді Ольга Хабитуева.
Бір топ ана осы жағдай бойынша қалалық білім басқармасына шағымын айтып барды. Айтуларынша, 40 минут далада тұрған 40-тан астам бүлдіршін білім басқарасының өкілдері келген соң ғана балабақшаға кірген. Облыстық білім басқармасының мамандары серіктестік негізінде жұмыс істейтін «Өркен» балабақшасының құжаттарын тексермек.
Балабақша басшысының айтуынша төлемақы шығынды өтемейді. Сондықтан қосымша шарт жасаған. Алайда, келісімшартты дайындау кезінде ата-ана пікірін есепке алу керек еді. Бұл мәселені облыстық білім басқармасының басшысына жеткіземін. Мемлекеттік тапсырманы орындап отырған бұл балабақшадан біз қызмет құжаттамасын талап ете аламыз, - деді Маңғыстау облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім бөлімінің басшысы Клара Құлатаева.
Бүгін балалардың құқығы тапталды. Балабақша директорының ескертуінде көрсетілген заң қазір күшін жоғалтқан. Оның берген ескертуі мен қосымша келісімшарт бір-біріне қарсы, - дейді Ақтау қалалық кәмелетке толмаған балалар комиссиясының мүшесі Игорь Машинский.
Ата-аналар да, заңгер де бүгінгі жағдайда балалардың құқығы аяқ асты болғанын айтып отыр. Ал балабақша директорының қорғаушысы БАҚ өкілдеріне жауап беру былай тұрсын жиынға қатысуына қарсы болды.
Махаббат Нұржанқызы