Ақтауда Маңғыстау облысы дін істері басқармасының тапсырысымен, «Отпан» Ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығы» қоғамдық қоры мен облыстық Бекет ата мешітінің жанындағы әйел-секторының ұйымдастыруымен Наурыз мейрамына орай «Салт-дәстүр – ұлттық тәрбиенің негізі» атты іс-шара өткізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қалалық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мешіттің әйел жамағатына арналған шараның мақсаты - қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін дәріптеу, асыл дініміздің қастерлі құндылықтарын насихаттау және халқымыздың сүйікті мейрамы - Наурызды атап өту.
⁃ Шараға "Асыл аналар" әжелер мектебінің өкілдері, "Жусан" операциясының аясында елге оралған азаматшалар және мешіт жамағаты қатысты. Дін мен дәстүрді сабақтастыра отырып, әйел жамағатына мерекелік көңіл-күй сыйлауды мақсат еттік, - дейді облыстық Бекет ата мешітінің жанындағы әйел-қыздар секторының жетекшісі Ақмарал Қазиева.
Мерекелік шараны ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы Әнуар Ізімбайұлы ашып, жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтаса, "Отпан" орталығының басшысы Азамат Төлепов жамағаттың басын қосқан жиынның маңыздылығын атап өтті.
Құрылғанына 1 жыл болған «Асыл аналар» әжелер мектебінің өкілдері қазақтың "Нәрестені бесікке салу", "Тұсаукесер" сияқты рәсімдерін көрсете отырып, жастарға байырғы салт-дәстүріміздің бүгінгі өмірмен байланысын түсіндіріп, әдет-ғұрыпты қадірлеуге шақырды. Жиын соңында жиналғандарға ұйымдастырушылар тарапынан сыйлықтар ұсынылып, ұлттық тағамдардан дастархан жайылды.