Ұлт мейрамын ұлықтау – ізгі дәстүр. Саф ауасымен, самал желін есіп, жайдары көктем мезгілі басталғанда адам ерекше күйге енеді. Оған негіз – Амал. Құшақ жая төс қағысып, қол алысып көрісетін айтулы мерекенің өзіндік тарихы мен тәлім-тәрбиесі бар. Қарт қазыналарымыздың сөздері – осыған дәлел.
- Таңғы шапақтың алдында бір сызық жан-жағы сәулеленіп, бозаңданып көрінеді екен. Одан кейін жерде азғантай ғана діріл пайда болады. Оны мал, әсіресе қой ғана сезеді екен. Аспанға қарап маңырап, меңіреніп белгі береді. Содан соң іле-шала күн шапағы көтеріліп, Амалдың бірінші айы жаңа жыл басталып, шапағатын тарқатады. Амал айы жақындағаннан адамның тұла бойында тылсым сезім болады. Бала күнімізден жүрегімізде қалған мол әсер, жасымыз 70-тен асса да көңілімізді балқытып, шалқытып отырады. Көрісу – адамның әуелден санасына біткен борыш. Үлкенге барып көрісу – міндет. Кеңес үкіметінің уақытында біздер 8 жыл интернатта жаттық. Сонда ешкімнің айтуынсыз, ата-ана берген тәрбие, әуелден көңілге біткен салт-сана бойынша ерте тұрып алып, үйді-үйді аралап, көрісуге кететін едік. Бір-бірін іздемей, тумаластық, ағайыншылық сезім, жақындастық болмай, адамдарда ешқандай бірлік қалмайды. Жан дүние жалғызсырап, қоғамнан алшақтау басталады. Ал әрбір қазақ тумаласымен бай, ағайынымен бақытты. Соны жастар да ұмытпауы керек. Өйткені көрісу дегеніміздің негізі – бірлік. Ұрпақтың татулығы. Бірбіріне деген ықылас пейілі. Соны осы мереке арқылы туындату, – деді қария Олжабай Жұмағалиұлы.
– Маңғыстау халқы 14 наурызда «Амал келді, жыл келді!» деп жаңа жылды қарсы алады. Бұл – біздің халық үшін жаңа жылды қабылдау, адамды адам құрметтеу
Жақынды жақын сыйласып, әдейі барып, жаңа жылда көрісіп сәлемдесу – бүкіл Қазақстан халқы үшін үлгі-үрдіс. Үлкені де, кішісі де аппақ тілегімен, бірін-бірі құрметтеп, сыйлайтындығын білдіру үшін, жөн кісілік сәлемін беру үшін көріседі. Ол – жасы үлкен адамға жасап жатқан құрмет. Жаңа жыл – өмірдің жаңа бастамасы. Жер көгеріп, мал тойынатын, ағарған көбейіп, адамның көңіл пейілі кеңейеді. Көрісуде игі тілек тілеуге міндетті. Көрісіп тұрған адамға ешқандай көңіліңде наз, құлта болмауы керек. Көкірегіңде кішкене ғана ренжуің болса, жаңа жылда бәрін тастап, аппақ ниетіңмен көрісуге міндеттісің. Көрісудің артық жері сол. Жақын-жуық адамның ренжіскенде табысатын, бірін-бірі кешірісетін уақыт – Амалда көрісу. Ал қазіргі жас ұрпақ осыны білуі керек. Ата-бабаның дәстүрін құрметтеп, сыйлау керек. «Осылар неге осылай көрісіп жатыр?» дегенді ойлау керек. Ертеректе 1969 жылы атпен түйе қарап, Қызық дейтін жерге бардым. Сол жерде тағы бір түйе қарап жүрген Бөкен Ізтұр деген шалға тап болдым. Екеуміз бір ауылға екі-үш күн түнеп, түйемізді тауып, ауылдарымызға қайттық. Содан соң көрмегенмін. Ол уақыттарда 70-тердің шамасындағы кісі еді. 2007 жылы 103 жаста екен. Сол жылы Ақшымырауға жолым түсіп құдалыққа барғанда, «Бөкен Ізтұрдың үйі осы арада ма екен?» деп сұрадым. Содан бір келіншек тұрып, «Аға, мен сол үйдің келінімін. Бапама сізді өзім жетектеп алып барайын» деді. Бардым. Амандастым. «Қарағым, танымадым» деді. «Ой, аға, 1969 жылы екі күн дәмдес болып едік» дегенімде, «Тұра тұр, айналайын, сен тоқ жорға аты бар таудың Тіней баласы болдың-ау» деп қолымды жібермей ұстап отырып былай деді: «Мен жүздің үшеуіндемін. Ақылым әлі жоғалған жоқ. Бала-шағамның баққанының арқасында жақсы жатырмын. Сен сәлем беріп келеді, мені есіне алады деп ойламап едім. Жақсы тәрбие көрген, дұрыс адамның баласы екенсің, қарағым. Қатты қуанып қалдым. Жаңа жылды, соның ішінде мен секілді үлкен кісіні еске алып келу деген кез келген адамның қолынан келе бермейді. Менің 200-ден аса ұрпағым бар. Сол ұрпақтарым 14 наурызда келіп, көрісіп жатады. Арасында келмей ұмыт қалғандарын мен ұмытпаймын. Содан «бәленше жылы сен келмедің-ау» десем, «ойбай, бапа, әнеукүні көптің ішінде бармын ғой» деп өтірік айтады. Содан балдарыма күлемін, сен айт, бірақ мен нанбаймын деп айтамын» дейді. Сол айтқандай, көрісу – жақын-жуығың нан дәмететін, соның ішінде, өз ұрпақтарыңнан дәметіп жататын ең қуанышты күн. Көрісу – біз үшін бақыт. Шаңырағымызға қуаныш келеді, басымызға бас қосылады деп күтеміз, – деп еді марқұм, белгілі шежіреші Қайырбай Өтепбергенов.
Қариялардың айтуынша, Амал мерекесін барша жұрт асыға күтеді. Ежелден келе жатқан бұл дәстүр еліміздің батыс аймағында, әсіресе Маңғыстауда жақсы сақталған. «Жасың құтты болсын!» деп тілек айтып, жасы үлкендерге сәлем беріп көрісіп жүретін мерекелі күн. Ең бастысы, бұл күні өкпе-ренішті ұмытып, әр үйде ақ дастархан жайылып, ұлттық тағамдар қойылып, наурыз көжеге шақырып, меймандарға құт-береке тілейді. Жақсы тілек айтып қана қоймай, үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін күн.
- Аналарымыз таңертең ерте тұрып, үйдегі барлық балалардың ұйықтап жатса ұйықтағанының аузына, тұрған соң тұрғанының аузына сүт жағатын еді. Қазақтың өмірі малмен байланысты. Сол малдың сүтінен аузына ырым қылып жағып, ақ мол болсын деп айтатын. Жаңа жылды несібелі болсын деп бастайды. Отты жағып, шелпек пісіріп, бүкіл есікті ашып, қазандарға су толтырып, бір қазан етті асып, сондай үлкен дайындықпен күтеміз. Жарық түскеннен кейін ауыл-үй болып, көрісіп бастаймыз. Балаларымызға алақанына тәттілерді, бауырсақты толтырып салып жібереді. Өйткені балалардың қуанғаны сол үйдің ырзық-несібесін арттырады деп есептеген. Көрісу – ұлтымыздың баға жетпес байлығы. Немерелеріміз, тумаластарымыз алыста жүріп келе алмаса да ұялы телефонмен құттықтап жатады. Жылда біз ең үлкеніміздің үйіне барып көрісеміз. Бұл дегенің – қуаныш қой. Балаңды көресің, балалар әке-шешесін, ағайын-тумаласын көреді. Тек наурыздың 14-і күні бір күнгі мереке болып, аяқталып қалмайды. Ол – келесі жылға дейін жалғасып, жыл бойы айналып тұратын мереке, – деді асыл әже Сәнәй Меделқызы.
Шалқар АБЫЛОВА