Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Дарын» қосымша білім беру орталығының басшысы Несібелі Қуатова мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша ауыл мектебінде білім алып жатқан 5,6-сынып оқушылары үшін ұлттық олимпиадаға тіркелу жалғасуда. Жеңімпаздар дарынды балаларға арналған жетекші мектептерде, «Білім-Инновация» лицейінде, республикалық физика-математика мектебiнде оқуға мүмкіндік алады.
«Мың бала» олимпиадасы екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы логикалық және кеңістіктік ойлауды өз деңгейінде бағалауды қамтиды. Тестілеу онлайн форматта өтеді. Ең жоғары ұпай жинаған бес мың оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне жолдама алады. Екінші кезеңде қатысушылар математикалық сауаттылық, қазақ тілінде білім алатын оқушылар қазақ тілі, орыс тілінде білім алатын оқушылар орыс тілі, ағылшын тілі және жаратылыстану пәндері бойынша академиялық білімді бағалау үшін компьютерлік тестілеуден өтеді. Екінші кезең өңірлік тестілеу орталықтарының базасында ұйымдастырылады. Қатысуға ниетті оқушылар 1000bala.elbasyacademy.kz сайты арқылы олимпиадаға тіркелуге болады», - деді Несібелі Қуатова.