Ақтаулық кәсіпкер Максим Ефанов 2 мыңға жуық шаян өсіріп отыр. Ерекше кәсіпті өткен жылы қолға алған кәсіпкер бүгінге дейін 2 тоннадан астам шаян өсірген. Бір қызығы ол жәндіктерді өсіруді ғаламтордан үйренген. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Былтыр бастағанда 300 келідей сатып алдым. Қазіргі таңда 5 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Қалаға супермаркеттерге, мейрамханаларға апарамын. Шаяндар тамақтануға тек түнде ғана шығады, олардың арнайы тамағы бар», - дейді кәсіпкер.
Максим шаянды өсіру үшін Ақшұқыр ауылында 5 бассейнді қолдан жасаған.
«Олар таза суларда, әсіресе, шағын өзендер мен ағынды суларда көбірек кездеседі. Балық секілді желбезегімен демалады. Әуелі ауыл шаруашылығы министрлігі экспертизалар өткізіп, келісімін берген болатын. Алдағы уақытта шаян санын 15-20 тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар балық шаруашылығымен айналысып көргіміз келеді.», - деді кәсіпкер.