2020 жылы Маңғыстау облысының мемлекеттік сатып алулар басқармасы 109 млрд 955 млн. теңгеге 172 конкурс өткізді. Оның 6 млрд 149 млн теңгеден астамы (бөлінген қаражаттың 5,6%) теңгесі үнемделген. Бұл туралы ҚКО-да өткен брифингте Маңғыстау облысының мемлекеттік сатып алулар басқармасы бөлімінің басшысы Қуаныш Сүгір мәлім етті. Ал 2019 жылы 73 млрд. теңгеге 123 конкурс өткізіліп, 4,5 млрд. теңгеден астам қаражат үнемделген. 2018 жылы 49,5 млрд. теңгеге 166 конкурс өткізіліп, 4 млрд. теңгеден астамы үнемделген.
Спикердің айтуынша, қазір 17 млрд. теңгеге 20 мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп жатыр. Төтенше жағдай кезінде «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 9 млрд. 466 млн. теңгеге 30 конкурс өткізіліп, оның 1 млрд. 355 млн. теңгесі үнемделген.
«Электронды мемлекеттік сатып алу жүйесі әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне қатысуға және әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестікке ұмтылуға тең мүмкіндік береді. Бұл – мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен айқындығының белгісі», - деді Қуаныш Сүгір.
Заңның 47-бабына сәйкес, егер тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері әлеуетті өнім берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, әлеуетті өнім беруші олардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасауға құқылы.
Сонымен қатар, уәкілетті орган ведомстваларының аумақтық бөлімшелері объектіге бармастан ақпараттық жүйедегі мәліметтерге сәйкес, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылауды жүзеге асыру арқылы мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің заңдылығын және ашықтығын қамтамасыз етеді. Уәкілетті орган тарапынан жүргізілген іс-шаралар мемлекеттік сатып алулардағы бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға септігін тигізеді.
Басқарма басшысының бастауымен әр жылда кемінде бір рет сыбайлас жемқорлыққа тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары жүргізіледі.
Ішкі талдау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылды:
1) Басқарма және оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
2) Басқарма және оның құрылымдық бөлімшелерінің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.
««Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының 6 саласы бойынша мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту үлесіне мониторинг жұмыстары басқармаға жүктелді. Тиісті мамандар жергілікті атқарушы органдардың ақпараттарын жинақтап, орталық жобалық кеңсеге жібереді. «Жергілікті қамту үлесі» жобасы аясында жеңіл, жиһаз, тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, сондай-ақ химия өнеркәсібі және машина жасау өнімдері бойынша 2020 жылға 3,1 млрд. теңгеге мемлекеттік сатып алу жоспарланды. Нәтижесінде 2,6 млрд. теңгеге тауар сатып алынған. Жалпы 2020 жылға жоспар толық жүзеге асты», - деді Қуаныш Сүгір.