Маңғыстау облысы бойынша жаңа жылдың алғашқы 5 күнінде коронавирус инфекциясын жұқтырған 49 жағдай тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың желтоқсан айының алғашқы күндерімен салыстырғанда жоғары. Бұл туралы ҚКО-да өткен брифингте Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев айтты.
Маңғыстау облысының аумағында 2020 жылдың 27 наурызы мен 5 қаңтар аралығында (шағымы+шағымсыз) 3759 COVID -19 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 1 297 шағымы бар, 2 462 шағымсыз науқас анықталып отыр. Аурушаңдықтың көрсеткіші 531,4 құрайды. Репродуктивті көрсеткіш 1,02. Төсек қорының көрсеткіші 23%.
«Эпидемиологиялық талдау қорытындысы науқастың 50 пайыздан астамы бұрын коронавирус індетін жұқтырғандармен тығыз қарым қатынаста болғандығын көрсетті», - деді Ғазиз Надуев.
Айта кетейік, 2020 жылдың 1 тамызынан бастап 2021 жылдың 5 қаңтарына айына дейін 418 коронавирустық пневмония (тест сынамасы теріс нәтиже берді) тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар 47% құрады. Ал 60-тан асқан науқастар 36,0 пайызды құрап отыр.
Сондай-ақ, өткен жылдың 1 қыркүйегінен осы күнге дейін мектеп оқушыларының арасынан 37 «COVID -19» жағдай анықталды. Оның ішінде, онлайн режимде білім алушылар саны - 35, оффлайн әдіспен - 2.
Пандемия басталғалы 166 медицина қызметкері «COVID -19» инфекциясын жұқтырды.
Облыс көлемінде коронавирус инфекциясын ПТР тәсілімен анықтауға 6 лаборатория жұмыс істейді. Оның 1-уі Ұлттық сараптама орталығы, 4-уі жеке меншік зертханалар (Олимп, Чакур, Инвиво, Эталон) және тағы бір зертхана Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасында орналасқан. Осы күнге дейін барлығы 221 326 адам тексерілді. Орта есеппен, тәулігіне 1 541 адам ПТР зерттеуден өткізіледі. Ұлттық сараптама орталығында 26 752 тест сынамасы бар.
Облыста 17 тамыздан бастап 24 мониторинг тобы құрылды. Бүгінгі таңда мониторинг тобымен 982 рейд жүргізіліп, 3 571 нысан тексерілді. Рейд барысында 155 нысанда бұзушылықтар анықталып, 138 (24 жеке кәсіпкер, 113 жеке тұлға, 1 заңды тұлға) әкімшілік хаттама (12 млн. 695 460 тг.) толтырылды.
«6 қазаннан бастап, Өзбекстанмен шекаралас жатқан «Тажен» автомобиль өткізу пункті арқылы 13 958 автокөлік және 749 жаяу жолаушы кірді. Пункттен өткен 749 адамның барлығы тексеріліп, екеуінің коронавирус инфекциясына тапсырған тест сынамасы оң нәтиже берді», - деді Ғазиз Надуев.
Баспасөз конференциясына Маңғыстау облыстық модульді стационардың басшысы Шайахмадин Берқалиев те қатысты. Оның мәліметінше, модульді стационарда 52 адам ем қабылдап жатыр. Оның 12 жансақтау бөлімінде жатыр. 17 науқас ауыр халде жатыр. Оның 5-і өте ауыр жағдайда.
«Ауруханаға көбінесе жасы 60-тан асқан адамдар түседі. Олар жүрек патологиясы, инсульт, қан қысымы, қант диабеті сияқты басқа да ілеспе аурулардан зардап шегіп отыр. Сол себепті медициналық мекемеге түсушілер жансақтау бөліміне жатқызылады. Бұл бөлім 20 төсек орынға қарастырылған. Реанимациялық бөлімде 35 науқас ем алып жатыр, яғни бұл бөлімнің 60 пайызы толып тұр. Стационарға тәулігіне, шамамен, 3-5 адам келіп түседі. Олардың көбі мүмкіндігінше амбулаториялық емге жіберіледі», - деді Ғазиз Надуев.
Айта кетейік, модульді стационар ашылғалы осы күнге дейін 160-қа жуық науқасты қабылдады.