© Серік МАЙЕМЕРОВ
Облыс әкімі Серікбай Трұмов облыстық «Маңғыстау» телеарнасында «Әкім сағаты» хабарына қатысып, өңірдің 2020 жылы жеткен жетістіктері мен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында атқарылған елеулі жұмыстарын тарқатып, келер жылғы жоспарларымен бөлісті. Бағдарламада өлкемізге белгілі журналистер Ғалым Әріп, Маржан Медиева, Әнуар Бимағанбет аймақ басшысына көптің көкейінде жүрген өзекті сұрақтарды жолдап, тұшымды жауап алды.
- Көзді ашып-жұмғанша биылғы жыл да өте шықты. Бұл жыл кім-кімге де оңай болған жоқ. Жүрісімізді жаңылдырып, өмірімізді өзгертті. Әлі де болса әлемдік індеттің қаупі басылған жоқ. Сауалымызды осы бағытта бастасақ. Облысымызда бүгінгі эпидемиялық ахуал қалай? Жаздағы күрделі кезеңнен сабақ алдық па?
– Қазір біздің өңірде эпидемиялық ахуал бірқалыпты, жасыл деңгейдеміз. Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды. Өздеріңіз көріп отырғандай, бізге жақын орналасқан өңірлерде жағдай күрделі. Сондықтан тұрғындар санитарлық талаптарды сақтауды өзінен бастауы керек. Бетперде киіп, арақашықтықты сақтап, көпшілік шоғырланған орындарға бармаса, эпидемиялық ахуалдың алдын алуға мүмкіндік зор. Өткен жаздағы жағдайды ұмыту мүмкін емес. Сол тұста ел азаматтары көмек қолын созды. Медицинамыздың ақсаған тұстарынан сабақ алдық. Нәтижесінде қалалық, аудандық, ауылдық жедел жәрдем көліктері 100% жаңартылды. Медициналық құрал-жабдықтармен де толық жабдықталды. Оттегі концентраттары да ауруханаларымызға жеткізілді. Осы орайда дәрі-дәрмектің жетіспеуі де күрделі мәселеге айналды. Осыған қатысты Үкіметтен арнайы қаражат бөлініп, жергілікті дәріханаларда қор жасақталды. Халықты қажетті дәрі-дәрмектермен қамту мақсатында жергілікті бюджеттен 450 миллион теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі күні дәріханаларымызға ең керекті дәрі-дәрмектер жеткізілді.
– Осы сауалдың жалғасы деуге болады, медицина саласы десек, өткір мәселе – Ақтау, Жаңаөзен, Мұнайлы аудандарына ауадай қажет аурухана мәселесі еске түседі...
– Бұл мәселе бойынша облыс орталығына жақын орналасқан Мұнайлы ауданынан бастасақ. Дұрыс айтасыз, Мұнайлыда орталық аурухана жоқ. Ауданда халық саны 170 мыңнан асып кетті. Бұған дейін аурухананы салуға арналған жобалық-сметалық құжаттың дайын болмауына байланысты бұл мәселе кейінге қалып отырды. Ал бүгінгі күні аталған құжат дайын болды. Ғимараттың құрылысын жүргізу үшін конкурс жүріп жатыр. Алдағы уақытта 185 орындық аурухананың құрылысын бастаймыз. Бірақ бұл құрылыстың аяқталуына да біршама уақыт керек. Сондықтан тұрғындар медициналық көмектен қол үзбес үшін жеке инвесторларды тарта отырып, Батыр ауылынан тағы да бір медициналық нысан ашқымыз келеді. Қазіргі таңда осы сұрақты шешу мәселесін қарастырып жатырмыз. Тағы бір айта кетерлігі, Басқұдық елді мекенінде халыққа қызмет көрсетіп отырған «Мұхамбет» медициналық орталығы да қазіргі таңда кеңейтілді. Бір мезетте бірнеше адамды қабылдауға мүмкіндіктері бар. Сондықтан Мұнайлы ауданындағы аурухана, емхана мәселелері үнемі біздің бақылауымызда.
Жаздағы індет салдарынан облыс орталығы – Ақтау қаласында да қалалық аурухананың жоқ екені бірден көзге түсті. Біз қай жерден де провизорлық стационар ашқанымызбен науқастарды қабылдауға мүмкіндіктері болмады. Талапқа сай келмей, құрал-жабдықтардың жетіспеуі қиындықтар тудырды. Сондықтан бұл мәселені республикалық деңгейде көтеріп, министрліктің көмегімен мемлекеттік жекеменшік-әріптестіктің арқасында инвесторлармен келіссөздер жүргіздік. Нәтижесінде 300 орындық көпбейінді қалалық аурухананың құрылысын бастау мақсатында жерін белгілеп, құжаттарын рәсімдеп жатырмыз.
Сонымен қатар жоғарғы шағын аудандарда емханалар жетіспейді. Бұрынғы №1, №2 емханаларға қаралатын адамдар саны өте көп. Мысалы, №1 емханада 65 мың, №2 емханада 85 мың адам тіркеуде тұр. Бұл жағдай қаралуға келген тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан тағы да жеке инвестордың қаражаты есебінен жоғарғы шағын аудандардың бірінен бір мезетте 300–350 адамды қабылдайтын емхананың құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Осы тұста айта кетейін, өңірде көптен бері көтеріліп жүрген тағы да бір мәселе бар, ол – балалар жұқпалы ауруханасы. Алдағы уақытта аталған медициналық нысанды күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек төменгі шағын аудандарда орналасқан бірнеше медициналық ғимарат бар. Оларды да күрделі жөндеуден өткізіп, халық игілігіне беретін боламыз. Осы тұста мақтанып айтарлық жағдай, «НКОК» компаниясының қаражатына салынған модулдік жұқпалы аурулар ауруханасы өз қызметін бастады. Барлық талапқа сай жасалған. Осы күнге дейін мамандар оттегі баллондарын қолмен тасыса, жаңадан ашылған аурухананың арқасында енді оттегі барлық ауруханаға арнайы жүйемен барып тұрады.
Жаңаөзен қаласында да медициналық нысандардың жетіспеушілігі байқалады. Алайда осы тұста айта кету керек, «Өзенмұнайгаз» АҚ қолдауымен 70 орындық арнайы провизорлық орталық ашылды. Іші барлық медициналық құралдармен жабдықталған. Аталған мекеменің көмегімен ПЦР тестен өтуге арналған лаборатория да ашылды. Одан бөлек бұрынғы өкпе аурулары ауруханасында да 100 орын дайындап қойып отырмыз. Ал көптен бері айтылып жүрген 50 орындық аурухананың құрылысын жақын арада ары қарай жалғастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар жақында Жаңаөзен қаласынан «Нейрон» медициналық орталығы ашылды. Қазіргі таңда тұрғындарға қызмет көрсетуде. Халыққа аса қажет медициналық көмектің сапалы көрсетілуі – біз үшін өте маңызды. Сондықтан аталған сала үнемі біздің бақылауымызда болады.
– Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласынан бөлек тұрғындарды сұйытылған газдың жетіспеушілігі де қатты алаңдатады. Жергілікті газ өңдеу зауытының толық қамтуға мүмкіндігі жеткіліксіз. Бірақ аз өнімнің өзін «бөліп беру тетігінде кемшіліктер жоқ па?» деген сұрақ туындайды. Өйткені қазіргі таңда газ сататын нысандардың 5-6-сы ғана алып, қалған жанар-жағармай бекеттері бар 300-ге тарта кәсіпкер шөміштен қағылып отырған секілді...
– Иә, бізде оқтын-оқтын газ мәселесі туындайды. Бұл мәселені түпкілікті шеше алмай жүрміз. Біріншіден, өзімізден өндіріліп шығатын газ көлемі жетіспейді. Себебі «Қазақ газ өңдеу зауыты» айына 15-16 мың тоннадай газ өндіреді. Бірақ бізде сұйық отынға деген ішкі сұраныс 18 мың тоннаны құрайды. Сондықтан жетпейтін газ көлемін Ақтөбеден, Атыраудан қосымша алдыртамыз. Екіншіден, бағаның әр жерде әр түрлі болуы. Себебі Атырауда, «Қазақ газ өңдеу зауытында» және электронды сату алаңында бағалар әр түрлі. Ал енді көгілдір отынды сату бекеттері бар 300-ден аса кәсіпкерге өңірге келетін газды теңдей бөліп бере алмай отырмыз. Министрліктің арнайы бекіткен формуласына сай есептеп береміз. Бірде жетеді, бірде жетпейді. Сондықтан наразылық туындап отыр. Осы мәселені жуырда министрлікке жеткізіп, шешу жолдарына байланысты өз ұсыныс пікірімізді жолдадық. Алдағы уақытта ортақ келісімге келеміз деп есептейміз. Осы орайда министрлік тарапынан сұйытылған газ өнімін 100% сату алаңына шығару туралы ұсыныс түсті. Біз қазіргі таңда осы салада жүрген жергілікті кәсіпкерлермен ақылдасудамыз.
- Туризм саласы – өңір үшін жаңа сала, жаңа бағыт. Осы орайда туризмді дамыту мақсатында Бозжырадан қонақ үй салу туралы ұсыныс болды. Алайда бұл қоғамның үлкен талқысына түсті. Сондықтан облыс басшысы ретінде бұл жобаның салыну, салынбауына тоқталып өтсеңіз?
– Жалпы өңірдің экономикалық дамуы мұнай-газ саласына тікелей қатысты. Алайда туризм саласын да дамыту өңір үшін олжалы болмақ. Облысымыздың теңіз жағасында орналасуы, тарихи орындарымыздың көп болуы, сұлу табиғатымыздың сыр тұнған тарихы, ескерткіштеріміз туризм саласын дамытуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. «Риксос» қонақ үйінің ашылуы өңірімізге бір шама өзгеріс әкелді. Сол қонақ үйді салған инвесторлардың сұранысына сай тек бір демалыс орнымен шектеліп қалмай, келген қонақтарға сұлу табиғатымызды көрсету мақсатында бірнеше табиғи орындарымызды таныстырған болатынбыз. Олардың қызығушылығы Бозжыраға түсті. Алдағы уақытта «Риксос» қонақ үйін Бозжыра шатқалымен байланыстыруды көздеп отыр. Қонақ үй шатқалдан 4-5 шақырым жерде орналасады, арнайы автотұрақ салынып әрі барлық экологиялық талаптар сақталатын болады.
– Әлеуметтік мәселенің ішінде халықты баспанамен қамту да зор маңызға ие. Қазіргі кезде бұл жағдай қалай шешімін табуда? Сонымен қатар салынып жатқан құрылыстардың сапасы қалай? Үлескерлердің мәселесі шешілуде ме?
– Бірінші, үлескерлердің мәселесінен бастасақ. Әр азамат жиғантерген табысын жинақтап баспана алу үшін құрылысы бітпеген тұрғын үйге салуды әдетке айналдырған. Алайда оның артында үлкен мәселе тұрғанын білмей жатады. Мәселен, тұрғын үйдің құрылысы уақытында аяқталмай қалуы мүмкін немесе өзге де келеңсіз жағдайлар орын алады. Осы үлескерлікке қатысты орын алған соңғы жағдай «Гауһартас» тұрғын үй кешеніне байланысты. Тұрғындар құрылысы басталмаған үйге ақша салып, опық жеп отыр. Қазіргі таңда үлескерлерден ақша алған азаматтың ісі заң аясында қаралуда. Ал алданған халық бізден келіп көмек сұрауда. Жергілікті атқарушы орган болғандықтан оларды бұл қиындықтан алып шығуға міндеттіміз. Сондықтан мәселені шешуге тырысып жатырмыз. Алдағы уақытта өзге де үй салушы мекемелердің көмегімен бұл мәселе толығымен шешілетін болады. Сондықтан тұрғындар үйге ақша салмас бұрын мекеме туралы жанжақты ақпарат жинап, арнайы мамандардың кеңесіне жүгінсе жөн болар еді.
Тұрғын үйлердің сапасы да – үлкен мәселе. Дегенмен соңғы уақытта құрылыс мекемелері тиісті талаптарды толығымен орындау үстінде. Бірақ мәселелер де жоқ емес. Ол бойынша мекемелерге ескерту лер жасалып, олар сол қателікті жөндеуге жұмыстанып жатыр. Баспанамен қамту мәселесіне келетін болсақ, қазіргі таңда тұрғын үйлердің салынуы жағынан Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан кейін үшінші орындамыз. Құрылыс көп болған сайын сапа да біз үшін маңызды.
– Маңғыстау – тұщы су қоры жоқ жалғыз аймақ. Көптің көкейінде жүрген тағы бір сауал – ауыз су мәселесін шешу мақсатында қандай жоспарлар жүзеге асуда?
– Қазірдің өзінде облыс халқына тәулігіне 35 мың текше метр су жетпейді. Жаңаөзен, Ақтау, Мұнайлы, Сайын-Шапағатов, Ақшұқыр ауылдарында осы мәселе бар. Форт-Шевченко, Шетпе ауылында да су кестемен беріліп тұр. Біріншіден, судың жетіспеушілігі – табиғи ерекшелігіміз. Екіншіден, су тұшыту құрылғыларымыз талапқа сай жасалуы керек. Осыны ескере отырып 2021–2025 жылдарға арнайы бағдарлама қабылдадық. Бірінші кезекте су көздерін анықтауымыз керек. Одан кейін Кендірлі және Құрық ауылынан 50 мың текше метр, МАЭК-Қазатомөнеркәсіптен 24 мың текше метр, Форт-Шевченкодан 5 мың текше метр су тұшыту қондырғыларын салуды жоспарлап отырмыз. Бұларға арнайы қаражат бөліп, техникалық-экономикалық негіздемелерін жасақтап жатырмыз. Алдағы уақытта құрылысын бастайтын боламыз. Сонымен бірге «Каспий су тұшыту» зауытындағы қондырғының мүмкіндігін де арттыруды көздеп отырмыз. Оған республикалық бюджеттен 10 миллиардтан астам қаржы бөлінді. Сондай-ақ су таситын қосымша автокөліктер алдырттық. Жоғарда айтылып өткен жұмыстар бағдарлама аясында кезең- кезеңімен жүзеге асатын болады. Аталған жобаларды іске асыру үшін арнайы бөлім құрдық. Құрылған бөлім өңірді сумен толық қамтамасыз ету үшін жұмыс жасайтын болады.
– Жасыратыны жоқ, жол десе Маңғыстау облысы еске түсетін жағдайға жеттік. Дегенмен қала, аудандарда жолдардың салынып, жөнделіп жатқандығын көріп отырмыз. Өзіңіз жол мәселесіне толығырақ тоқталып өтсеңіз...
– Ауыл, аудан, қала арасын байланыстыратын негізгі жолдар салынды. Қазір Бейнеу мен Шетпе ортасындағы жол да жақсарды. Ендігі кезекте Шетпеден Қызан-Ақшымырауға бағытталған жол құрылысы салынып жатыр. Одан кейін Мәстектен Қызанға дейінгі жол салынуы керек. Ол жерде 30 шақырымдай жол әлі де бітпей тұр. Осыған байланысты жобалық-сметалық құжаттарымызды жасақтап жатырмыз. Алдағы уақытта конкурс өткізіп, мердігер мекемені таңдап жұмысты бастап кеткіміз келіп отыр. Сонда осы екі елді мекеннің арасын жаңартсақ, барлық ауылдың арасындағы байланыс 100%-ға жалғанатын болады. Дегенмен Құрық– Жетібай арасындағы жолдың жағдайы төмен. Ол жолды жөндеуге конкурс өтіп жатыр. 11 миллиард қаражат бөлінді. Одан кейін біздің көтеріп жүрген тағы бір өзекті мәселеміз – ауыл ішіндегі жолдар. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында соңғы кездері ауылдың ішкі жолдары салынып бастады. Жолдың сапасына байланысты кейбір әттеген-айлар бар. Қазір кәсіпкерлердің еркін жұмыс жасауына мүмкіндіктер берілген. Бірақ кейбір мердігерлер осы жауапкершілікті дұрыс сезінбей жүр. Сондықтан тұрғындар тарапынан түскен шағымдар орынды. Жол сапалы болуы керек. Біздің де басты мақсатымыз – сапалы жолдарды қабылдап алу. Сол себепті әріптестерімнен жолды қабылдап алар кезінде сапасына көп көңіл бөлуді талап етемін.
– Аймақтың әлеуметтік-экономи калық мәселелері оң шешімін табуда. Әрине, руханият мәселесі де назардан тыс қалмауы керек. Артымыздағы ұрпаққа мұра, мирас болып қалатын да осы – рухани құндылықтарымыз. Осы орайда Маңғыстау қаламгерлерінің 100 томдығын шығару туралы ұсынысымыз шешімін тапса деп үміттенеміз...
– Ұсыныс өте орынды. Себебі біздің өңірдің ақын-жазушыларының еңбектері халыққа жету керек. Осы уақытқа дейін 50 томдық жинақ жарық көрген болатын. Тағы да 50 томдық жинақпен толықтырып жатсақ артық болмайды. Алдағы уақытта бұл мәселені шешеміз деген ойдамын. Жерлестеріміздің еңбектерін алдағы Тә- уелсіздіктің 30 жылдығына тұспа-тұс жарыққа шығарсақ, үлкен сый болады деп ойлаймын.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында облыс межелеген жоспарды орындады ма?
– Биыл экономикалық қиындықтарға байланысты мұнайдың бағасы құлдырады. Сонымен қатар төтенше жағдай, індетке байланысты шектеулер кәсіпкерлерге қиын болды. Осыған байланысты «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы ұйымдастырылды. Оған 32 миллиард теңге қаражат бөлінді. 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. 160-тан аса жоба іске асты. Мектеп, әлеуеметтік нысандар, денсаулық сақтау орындарын жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды. Жыл сайын халықтың алдында есеп берген кезде тұрғындардың өтініш, ұсыныстарын тыңдап, сол бойынша жоспар жасақтаймыз. Биыл сол жоспарлардың ең маңыздылары жүзеге асты. Жоғарыда айтылған 32 миллиард теңге қаржы бұрын-соңды біздің облысқа бөлінбеген болатын. Осы қаржыны шамамыз келгенше халықтың жақсы өмір сүруі үшін сапалы жұмсадық деп ойлаймыз. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады. Бірақ ендігі жерде бірден-бір талап, тұрақты жұмыс орындарын құратын жо- баларды ұсыну болып отыр. Сондықтан келесі жылға 5 мектептің құрылысын салуды жоспарлап отырмыз.
– Пандемияға байланысты өңірде салық түсімі азайды. Осы тұста Маңғыстау облысы донорлық қабілетін жоғалтуы мүмкін деген пікірлер де айтылып жүр. Бұл қорқыныш қаншалықты орынды? Жалпы салық түсімі қалай?
– Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы негізінен бюджетімізге байланысты. Осыған орай алдағы 3 жылдық бюджетімізді облыстық мәслихатпен бекіттік. Келесі жылдың бюджеті 247 миллиард теңге көлемінде бекітілді. Оның ішінде негізгі басымдықтар әлеуметтік және білім саласына жұмсалады. Одан бөлек біздің өңір орталыққа тиісті қаражатты бөліп отыр, яғни донорлық міндетіміз орындалуда. Арнайы бөлетін қаражатымыз 2021 жылы 13 миллиардтан асады. Өткен жылы 35 миллиард теңге бөлген болсақ, осы жылы 8 миллиардтан астам қаражат бөлген болатынбыз. Яғни біз өзіміздің шығындарымызды министрлікке дәлелдей отырып, бюджеттік алып қоюларды азайттық.
Өңірдің халық саны өсіп келе жатыр. Тұрғындар саны өскен сайын басқа да әлеуметтік қажеттіліктер туындайды. Министрліктің алдында бұл мәселелерді кезең-кезеңімен қойып отырамыз. Өзімізде қалатын қаражаттың көлемі артуы мүмкін. Бірақ донор облыс болып қала береміз.
Осылайша жылды қорытындылап, 2021 жылға қадам басамыз. Осы бас қосуды пайдалана отырып, өңір тұрғындарын Жаңа жыл мерекесімен құттықтағым келеді. Өңіріміздің өркендеп, өсуіне тілектеспін. Елімізге амандық, еңбек адамдарына табыс тілеймін. Биыл біраз қиындықтар болды. Осы қиындықтарды жеңуге азаматтарымыз бір адамдай болып атсалысты. Оларға рақметімді айтамын. Келер жыл жақсылығымен келгей!
Айгүл ОРЫНБАЕВА