Бүгін облыс әкімі Серікбай Трұмов әлемдік деңгейде жарияланған пандемия кезінде ел жанынан табылып, көмек қолын созған, атымтай жомарт азаматтарды қабылдап, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларындағы, сондай-ақ пандемияға қарсы күрестегі қажырлы еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық алғысы» медалімен марапаттады. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазіргі таңда, індеттің таралуына жол бермеу үшін Маңғыстау облысында көптеген жұмыстар атқарылды. Өңірдің медицина саласының материалды-техникалық жағдайы жақсартылды. Дәрігерлерді қолдау шаралары күшейтілді. Демеушілердің қолдауымен де қыруар игі істер атқарылғанын атап өткен жөн. Алайда, індет толығымен жойылып кеткен жоқ және халықтың денсаулығына әлі де қауіп бар. Сондықтан, күнделікті өмірде сақтық шараларын ұстанғанымыз жөн. Халыққа осы бағытта әлі де түсінік жұмыстарын жасауымыз қажет. Өзіміздің аман-саулығымызға, ең алдымен, өзіміз жауапты болуымыз керек және оны әрбір азамат жауапкершілікпен сезінуі тиіс. Осы орайда, елдік істердің басы-қасында жүріп, қолдау көрсеткен, елдің амандығы үшін атсалыcқан өздеріңіздей азаматтарға зор Алғысымды білдіремін. Еңбектеріңізге табыс, береке тілеймін. Абыройларыңыз арта берсін!» - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар жиында Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Aktau Tourism City LTD» компаниясының директоры Исагалиев Серік Берікұлы және «Aktau Tourism City LTD» жеке компаниясы филиалының бас менеджері Жаримбетов Махмут Айтжанұлы Маңғыстау облысының Құрмет Грамотасымен марапатталды.
Суреттерді түсірен Талант ҚҰСАЙЫН